Қоғам

Қордайдағы қақтығыс: қылмыстық істердің саны 90-ға жетті

Тергеу шаралары екі айға созылуы мүмкін, егер қосымша сараптамалар қажет болса, оның уақыты тағы ұзарады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қордайдағы қақтығыстар бойынша қозғалған қылмыстық істердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қылмыстық істер өте көп. Күн сайын көбейіп келеді. Себебі жаңа фактілері анықталып жатады. Осы уақытқа дейін шамамен 90 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде адам өлтіру, жаппай тәртіпсіздіктер, қарақшылық пен ұрлық әрекеттері бар", - деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, тергеу шаралары екі айға созылуы мүмкін. Ал қосымша сараптамалар керек болып қалса, тергеудің уақыты ұзарады.

"Біз қамауға алынған адамдардың санын жасырып отырған жоқпыз. Уақыты келгенде бәрін айтамыз", - деді Қожаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, қамауға алынғандардың ішінде полицейлерге қарсылық көрсеткен азаматтар да, егде адамды ұрғандар да бар. Ал арандатушыларға қатысты барлық материал жинақталып жатыр.

Тағы оқыңыз: Дүнгендер ұйымының басшысы Қордай туралы: "Мұны істеген қазақтар емес!"

Бұған дейін ішкі істер министрлігі Қордайдағы қақтығыс бойынша 25-тен астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Бірақ ұсталғандар санын сол күйі жария етпеді.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік белең алып, салдарынан 10 адам қаза болды, 185 адам түрлі дене жарақатын алды. Масанчи ауылында 11 ақпанда үйінді астынан күйіп кеткен адамның мәйіті табылды.

Сондай-ақ, 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік отқа оранып, күлге айналды.