НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. "Сила Сибири-2" газ құбырын Қазақстан аумағы арқылы шығаруға қатысты әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Көрші Ресеймен келіссөздер жалғасып жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әзірге бұл жоба тек жоспар түрінде ғана, нақты параметрлер белгіленген жоқ. Ресейден Қытайға газ жеткізудің түрлі жолы бар. Біз, егер мүмкін болса, газ құбырын Қазақстан аумағы арқылы өткізуді ұсындық", - деді Ноғаев үкімет кулуарында.
Қазақстан осы арқылы Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысын газдандыруды көздеп отыр.
"Новак мырза, (Ресейдің энергетика министрі) бұл ұсынысты қаперге алды, әрі қарай пысықтаймыз", - деді ол.
Бұған дейін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ресейлік әріптесі Александр Новакпен кездескен еді. Ноғаев "Сила Сибири – 2" газ құбырын Қазақстан аумағымен өткізіп, Қытайдың "Батыс-Шығыс" жүйесіне қосу туралы ұсыныс жасады.
Тағы оқыңыз: "Бұл қалай болғаны?": Дариға Назарбаева үкіметтің жұмысын сынға алды
"Сила Сибири-2" – Ресейден Қытайға батыс бағыт бойынша газ жеткізуге арналған жоба.