АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап банктер халықтың әлеуметтік осал топтары санатының қарыз алушыларына қосымша қолдау шараларын көрсету жұмысын бастайды, деп хабарлады қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен және екінші деңгейлі банктермен кездесу өткізді.
Банктер ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қолдау шараларын іске асыруды дайындау бойынша жұмыстың аяқталып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, олар осы жылдың 24 ақпанынан бастап қарыз алушылардан өтінімдер қабылдауға кіріседі.
Тағы оқыңыз: Досаев Тоқаевтың тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты
"Әрбір өңірде қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына агенттіктің өңірлік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері кіреді. Қарыз алушылар кеңес алу үшін Қазақстанның барлық өңірінде ашылған агенттік жанындағы қоғамдық қабылдау бөлімдеріне жүгіне алады", – деді Әбдірахманов.
Аталған бағдарлама аясында банктер қазіргі уақытта және қарыз алушылардың өтініштерін қарау кезінде кепіл затын өткізу, қарыз алушылар мен олардың отбасын тұрғын үйінен шығару арқылы ипотекалық қарыздарды өндіріп алу бойынша сот рәсімдері тоқтатылғанын мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның зейнетақы қоры 174 мың адамды іздеп жатыр
Сондай-ақ, бағдарлама аясында қарыздарды қайта қаржыландыру кезінде үшінші тұлғаларды, оның ішінде қарыз алушылардың балаларын кепілгер ретінде тартпау керек. Бұған қоса, бағдарламаға кірмеген, жалғыз баспанасы бар және қарыз төлеуде қиындықҚа тап болған ипотека алушыларға қолдау көрсететін меншікті бағдарламалар әзірлеуі тиіс.
Банктердің есебі бойынша, 44,6 млрд теңге сомасында берешегі бар, ипотекалық қарызды төлеу қиынға соғып отырған жеті мыңнан астам адамға (әлеуметтік осал топтар) қосымша қолдау көрсетіледі.
Ипотекалық қарыз алушыларды қолдау бойынша қосымша шараларға қатысушылар тізіміне 19 қаржы институты, оның ішінде 16 банк кіреді. Олар: "ForteBank" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит"АҚ, "АТФ Банк" АҚ, "Kaspi Bank" АҚ, "Jysan Bank" АҚ, "Еуразиялық банк" АҚ, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ, "Астана ипотека" АҚ және "Ипотека АФ" АҚ.