НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Енді көмекке мұқтаж отбасылар өтініш жазып, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмаса да болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Отбасының әлеуметтік картасын" жасап шығарды. Билік сол арқылы 7 миллион отбасының жағдайын алдын ала біліп отырады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Отбасының әлеуметтік картасы" ақпараттық жүйесіне 18,5 миллион қазақстандықтың мәліметтері енгізілді. Шамамен 7 миллионға жуық отбасыны қамтиды. 52 көрсеткіш бойынша 24 мемлекеттік органның ақпараттық деректер қорымен интеграция жасалды. Енді біз бүкіл жанұяға қатысты мәліметтерді көріп отырамыз", - деді Нұрымбетов министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін.
Айтуынша, әлеуметтік картаның негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыға дер кезінде қол ұшын созу.
"Қазір біздің халық бір көмек керек болса, өтінішін алып, мемлекеттік органға келеді. Олай болмауы керек. Мемлекеттік органдар көмекке мұқтаж адамдарды іздеп баруы тиіс. Болашақта біз осындай жүйе қалыптастыруымыз керек. Жергілікті әкімдіктер әр отбасының жағдайын алдын ала біліп, сол отбасыға барып, көмектесуі қажет", - деді министр.
Отбасының әлеуметтік картасы былтыр сынақтан өткізілген. Нәтижесінде көмекке мұқтаж 101 мың отбасы анықталды. Оларға жәрдемдесу үшін 150 мыңнан аса шара қабылданды: жұмысқа орналастыру, емханаларға, балабақшалар мен мектептерге тіркеу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, баспана кезегіне тұрғызу.
Министрлік жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба – "Қазақстан азаматының әлеуметтік ID" картасы.
Әлеуметтік ID карта атаулы әлеуметтік көмек төлеуді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларын мектепте тегін тамақтандыруды, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді көздейді.
Оқи отырыңыз: Министр елге оралған қандастарға қатысты жағымды жаңалықты жеткізді
2019 жылдың шілдесінде ID карта Ақтөбеде пилоттық жоба ретінде іске қосылды. 5 мыңға жуық карта шығарылып, 31 мың транзакция жасалған.
"Жоба Қарағанды, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында енгізіліп жатыр. 2020 жылы жобаны барлық облыс орталығына тарату қажет", – деді Нұрымбетов.