Өңірлер

Батыс Қазақстанда ауыл тұрғындары мектеп пен емханаға құбыр арқылы барып жүр

Осыдан үш жыл бұрын ауданның бас құрылыс жоспарында аспалы көпір салу жобасы қарастырылған екен. Алайда, жергілікті тұрғындар билік содан бері мәселені шешкен жоқ деп налиды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Доссор кентінің тұрғындары теміржол астына салынған су құбырын көпір орнына пайдаланып отыр. Арғы беттегі емхана, мектеп пен балабақшаға баратын басқа жол жоқ.

Мақат ауданына қарасты Ынтымақ пен Бірлік ықшамауданында 2 мыңға жуық адам тұрады. Оларға орталықтағы әкімшілік, емхана, мектеп пен балабақшаға барып-келу қиын. Өйткені теміржолдың үстінен өтетін арнайы көпір жоқ. Сондықтан тұрғындар екіарада осындай құбыр арқылы қатынауға мәжбүр. Бұдан басқа автокөлік жолы бар, бірақ ол тым алыс, деп жазады "Ақ Жайық" өңірлік газеті.

"Мен Бірлікте көп жылдан бері тұрамын. Жасым сексеннен асты. Біздің осы құбыр арқылы қатынаудан басқа жолымыз жоқ. Ал қараңғыда телефонның жарығын пайдаланып өтуімізге тура келеді", – дейді жергілікті тұрғын Тұрғали Дүйсенбеков.

Бұл мәселеге қатысты Мақат ауданы әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісовтің өз жауабы бар. Ол теміржол үстінен аспалы көпір құрылысын жүргізу мәселесі ауданның бас құрылыс жоспарында 2017 жылы қарастырылғанын айтады.

"Қазір құрылыстың сметалық-жобалық құжаттары әзірленіп жатыр. Оның үстіне алдымен жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, теміржол үстінен көпірді қалай салсақ ыңғайлы, тиімді болатынын кеңесіп, шешіп алуымыз қажет", – дейді ол. 

Ал тұрғындар болса, көктемгі жауын-шашын кезінде құбыр іші суға толса, не істейміз деп алаңдап отыр.

Тағы оқыңыз: Шығыс Қазақстанда үйінен шыға алмай қалған ауыл тұрғыны видео жариялады