Қоғам

АҚШ елшісі Қазақстанның коронавирус қаупіне дайындығы жайлы мәлімдеме жасады

Елшінің айтуынша, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Қазақстанның мамандарымен өте тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан — Sputnik. Америка құрама штаттарының Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер еліміздің коронавирусқа қарсы тұруға дайындығын АҚШ қалай бағалап отырғанын айтып берді.

"Мемлекеттік хатшы (Майк Помпео – Sputnik) жуырда өңірге жасаған сапарында вирустың таралуына жол бермеу үшін Қазақстан үкіметінің жедел қолға алған іс-шаралары таңғалдырғанын айтты. Ол, сондай-ақ, әлемнің көптеген елі коронавирус індетіне қарсы тұруға дайын емес екенін атап өтті, сондықтан АҚШ жаһандық деңгейдегі іс-шараларға 100 миллион доллар бөлуге міндет алды", - деп мәлім етті Мозер.

Бұдан бөлек, елші АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының өңірлік кеңсесінің басшысы Дэниел Сингердің "Қазақстан үкіметі жаңа вирустың қаупін түсінеді және онымен күресуге дайындалу үшін батыл қадамдар жасады" деген сөзін айтып өтті.

"АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Қазақстан үкіметімен өте тығыз байланыста және өнімді жұмыс істеп жатыр", - деді Мозер.

Айта кетсек, бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстан мен Өзбекстан секілді Қытаймен көрші елдердің коронавирус сияқты кез келген ауқымды қатерге төтеп беретін мүмкіндігі жоқ екенін айтқан еді. Ол Орталық Азия елдерінің вирусқа қарсы тұратын инфрақұрылымы дайын емес екеніне назар аударған болатын.

Коронавирустың таралуы 

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Хубэй провинциясының Ухань қаласында белгісіз пневмония таралып жатқаны туралы хабарлады.

Сарапшылар індеттің қоздырғышын анықтады – 2019-nCoV коронавирусы.  

15 ақпандағы мәлімет бойынша коронавирустан 1 527 адам өлді. Вирусты жұқтырғандар 67 185 адам, оның 66 496-сы Қытайда. Жазылып кеткендердің саны 8 491-ге жетті.

Қазақстан ақпан айының басында Қытаймен барлық жолаушылар тасымалы қатынасын тоқтатты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қытай азамататрына виза берілмейді.