АЛМАТЫ, 13 ақпан – Sputnik. Қазақстан дүнгендері қоғамдық бірлестігінің басшысы Абубакир Войнце әлеуметтік желіде Халықаралық дүнген қауымдастығы атынан тараған жазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетейік, Facebook әлеуметтік желісінде Халықаралық дүнген қауымдастығы атынан жазба қалдырған Зухра Закирова есімді қолданушы Қордай ауданындағы тәртіпсіздік жеке тұлғалардың ісі екенін мәлімдеген. Айтуынша, олардың артында ұйымдастырушылар, арандатушылар және қоздырушылар тұр.
"Сонымен қатар жеке азаматтардың Қордай ауданы ауылдарының халқы мен тұтастай дүнген этникалық тобы өкілдерінің беделін түсіретін науқанды ұйымдастыруға, тәртіпсіздік кезіндегі қан төгуді ақтап алуға тырысып жатқанына куә болып отырмыз", - деп жазды ол.
Зухра Закирова сондай-ақ депутат Бақытбек Смағұлдың дүнгендер әскери борышын өтемейді, Наурызды тойламайды, балалары мектепке бармайды, ауылдағы мешіттер діни басқармаға бағынбайды деген ақпаратын теріске шығарды. Оның айтуынша, Масанчи ауылының өзінен 20-дан астам дүнген қазақ әскерінде қызмет етіп жатыр.
Бақытбек Смағұл: Қазақ бағынған заң дүнгенге де, басқасына да ортақ
"Қордай ауданында 60-тан астам мешіт бар, олардың 25-і Масанчи және Сортөбе ауылдарында орналасқан. Олардың барлығы ресми түрде тіркелген, олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейді", - дейді ол.
Сондай-ақ, дүнген балалардың 100 пайыз мектепке қабылданғанын мәлімдеді. Масанчидегі мектептерде еліміздегі барлық білім ошағындағыдай мемлекеттік тіл – қазақ тілі оқытылады екен.
"Дүнгендер Наурыз мейрамын қуана-қуана тойлайды. Ауылдарымызда мерекенің құрметіне дастарқан жайылып, шаралар ұйымдастырылады", - деп мәлімдеді Закирова.
Алайда Қазақстан дүнгендері қоғамдық бірлестігінің басшысы Абубакир Войнце Закированы танымайтынын және бұл пікірдің бірлестік позициясын көрсетпейтінін айтты.
"Мен ол әйелді танымаймын. Ол өзінің жеке пікірін жазған болуы керек. Оны көрмесем де, таныстарым арқылы оған мемлекеттік комиссия шешімін күтетінімізді айттым. Дәл қазір мынау дұрыс, мынау қате деп айтуға ерте. Мемлекеттік комиссия шешім шығарсын. Сонда бәрі белгілі болады. Ал осылай жазудың еш қажеті жоқ", - деді Войнце.
Қордайдағы қақтығыс
7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Зардап шеккен 176 адам медициналық көмекке жүгінген, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды. 13 ақпанда екі күн бұрын Масанчи ауылында үйінді астынан бір адамның денесі табылғаны белгілі болды, оның 7 ақпандағы тәртіпсіздік салдарынан немесе басқа жағдайда қаза болғанын сараптама нәтижесі бойынша анықталады.
Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекет басшысының шешімімен бірқатар шенеунік пен полицей қызметінен кетті. Облыс әкімі ауысты. Қордайдағы жағдай президенттің тікелей бақылауында.