АЛМАТЫ, 13 ақпан – Sputnik. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Ескендір Хасанғалиев 80 жасқа толды.
Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты округі Батпақкөл мекенінде дүниеге келген.
Математика пәнінің мұғалімі болған әкесі Құбаш Ибрашев 1918-1942 жылдары өмір сүрген. 24 жасында өмірден өткен. Анасы Ханаш Өтегенова 1924-1985 жылдары ғұмыр кешті. Әкеден ерте жетім қалған Ескендір нағашы атасы Өтеген мен әжесі Бахия Хасанғалиевтардың қамқорлығында болады.
Ауыл баласы алғаш рет нотамен Орал қаласында алты ай баян аспабында ойнайтын музыканттар курсында танысқан. Ал фортепианоны алғаш рет 1959 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық бөліміне түскен кезде көрген. Ол кезде әнші 19 жаста еді.
1963 жылы Қазақ радиосында музыка редакторы болды. Бір жылдан соң Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaлды-хор фaкультетiн Галина Виногрaдова мен Надия Шәріповaның клaсында бітірген.
Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар институтында хор дирижері, Қазақ радио және телеарна оркестрінің солисі қызметін атқарды.
1978 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын сырттай оқып бітірген.
Шығармашылық жолы
Ескендір Хaсaнғaлиев орындaу мәнерiмен ерекшеленіп, қазақ эстрадалық-симфониялық теледидар және радио оркестрінің солисі болды. Халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндерін орындап көпшілікке танылды.
Алғашқы "Анаға сәлем" әнін 1961 жылы шығарды. Ән бірден халық арасында кең таралып, композитор ретінде осы әнмен танымал болды. Туынды 60 жылдан бері көпшілік көңілінен орын алып келе жатыр.
Кейіннен "Асыл арман", "Әдемі-ау", "Сағындым сені", "Бозторғайым" секілді танымал әндер жазылды. 50 жылдан астам уақытта 200-ге жуық ән, романс, хорға арналған шығармалар, фильм мен музыкалық қойылымдарға әуен жазды.
Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған "Әдемі-ау" әнін 70-ші жылдары Қарағандыдағы концерттердің бірінде кездейсоқ көріп қалған қызға арнаған. Төрт жылдан кейін ол қызды Алматыда тағы бір кездестіріп, кейін сол қызбен отбасын құрады.
Композитор жары Дарико Хасанғалиеваға (тұрмыс құрғанға дейін Ашляева) өзге де лирикалық әндер арнады. Соның ішінде "Гүл сезім", "Есіңе ал", "Ескірмеген махаббат" әндері бар.
Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған патриоттық "Атамекен" әні 1970 жылы Қазақ ССР-дің 50 жылдық мерейтойына арналып жазылды. Ал 1978 жылы ұлы Біржанның дүниеге келуіне орай "Келші-келші, балашым" әнін жазды.
Сонымен қатар "Тақыр", "Нан мен тұз" фильмдеріне, "Студенттер" спектакліне музыка жазды. 1968 жылы Сочиде өткен халықаралық жастар әні фестивалінің дипломанты атанды. Хaсaнғaлиев гaстрольдiк сaпaрмен Моңғолия, Болгaрия, Югослaвия, Aлжир, Сирия мен Ливaн, Швеция және Финляндияда болды.
2010 жылы Өтеген Оралбаевтың сөзіне жазылған "Азиада алауы" әні 107 әннің ішінен іріктеліп, Қазақстанда өткен Азиаданың әнұранына айналды.
Марапаттары
Ескендір Хасанғалиев түрлі марапатқа ие болған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген артисі құрметті атағы, Қазақ КСР-нің Халық артисі құрметті атағының иегері. Сондай-ақ, "Құрмет" ордені, "Астана" медалінің иегері. 2015 жылы Ақордада Елбасы Назарбаевтың өз қолынан ең жоғарғы мемлекеттік марапат "Отан" орденін алды.
Әнші Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері, "Платинды Тарлан" сыйлығының лауреаты. Алматы қаласы және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.
Жинақтары
1967 жылы "Асыл арман" жинағы жарық көрді. 1970 жылы "Атамекен", 1978 жылы "Өмірімнің жазы", 1980 жылы "Бозторғайым", 2006 жылы "Ескірмеген махаббат" нота жинақтары жарық көрді.
Отбасы
Әйелі Дарико Сопыжанқызы Хасанғалиева 1943 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Мамандығы – дәрігер-фтизиатр. Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі әрі "Құрмет", "Шапағат" орденінің иегері.
Екі қыз, бір ұлы бар. Ұлы Біржан Хасанғалиев – эстрада әншісі, композитор. 2015 жылдан бастап Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледждің директоры.
Әнге тыйым салды
Композитор үнемі ұлы Біржанмен дуэт орындайды. Әке мен ұлдың орындауында "Ескірмеген махаббат", "Студенттер әні", "Ақтілек", "Атамекен" әні көпшілікке кеңінен танымал.
Біржан Хасанғалиев бірнеше жыл бойы әкесінің кеңес кезеңінде орындаған әндерін жинап, 2010 жылы 70 жылдығына орай жинақ шығарды. "Әндер антологиясы" деп аталатын жинаққа 144 туынды енген.
1970 жылы жазылған "Атамекен" әнін 1986 жылдың желтоқсанында Алматы жастары орындады. Содан кейін радио мен телеарналардан бұл әнді қоюға тыйым салынды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тыңдаушысымен қайта қауышқан ән бүгінде еліміздің ресми емес әнұраны ретінде орындалады.
Кеңес одағы кезінде Ескендір Хасанғалиев консерваторияның композитор бөлімін аяқтамағандықтан, КСРО-ның композиторлар одағына мүше бола алмаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін досы Әсет Бейсеуов екеуі одаққа мүше болды.
1983 жылы Ташкенттің 2000 жылдығы қарсаңында Хасанғалиев "Ташкент жайлы ән" деп аталатын ән жазады. Осы әнмен алматылық делегация Ташкентке барған. Жиын барысында Ескендір Хасанғалиевтің даусымен жазылған ән қойылған. Сол кезде Өзбек КСР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидовқа бұл ән ұнап қалып, Дінмұхамед Қонаевқа хабарласып, алғысын айтқан. Сондай-ақ, әнші-композиторға сый жасауын ұсынады. Нәтижесінде Хасанғалиевке Қазақ КСР-нің Халық артисі құрметті атағы берілді.