АЛМАТЫ, 13 ақпан – Sputnik, Айгерім Таубай. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев 80 жасқа толды. Sputnik Қазақстан тілшісі өнер адамымен шығармашылық жолы жайында әңгімелесті. Жары Дарико Хасанғалиеваның пікірін сұрап, отбасылық өмірі жайлы біліп қайтты.
"Ермек Серкебаевтың өнеріне ғашық болдым"
"Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе деген қазақы ауданында тудым. Сол жерде орта мектепте оқыдым. Мектепті 16 жасымда бітіріп, "қайда барамын", "қайда оқуға түсемін? " деп ұзақ ойландым", - деп бастады сөзін Ескендір Хасанғалиев.
Халық әртісі Ермек Серкебаев, Роза Бағланованы радиодан естіп, олар жайлы газеттен оқып жүрсе де, 16 жасқа дейін суретін көрмеген.
"Ол кезде ауылда теледидар жоқ. Барлығы киножурнал арқылы жүреді. Бірде журналдан ақ шалбары бар, қызыл көйлекті, шашы бұйра бір ағайды көрсетті. Өзі ән айтады. "Ермек Серкебаев" деп хабарлады. Оған дейін ол кісі жайлы газеттен оқып, радиодан дауысын естігенмен түрін көрмеген едім. Ермек ағамыз "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" деген Абайдың өлеңіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың романсын орындады", - дейді ол.
Ақ шалбар, қызыл көйлек киген Ермек Серкебаевқа бір көргеннен келбетіне де, өнеріне де ғашық болған бала Ескендір өнер жолы – менің өмір жолым шығар деп ойлайды. Оған себеп те бар еді. Орта мектепте топ алдына шығып, бірлі-жарым ән айтып жүрген.
"Бір көргеннен ағама ғашық болдым. Дауысына да, өзіне де. Соның артынан ілесе "Ах, Самара-городок" әнін айтып Роза Бағланова шықты. Ол кісіні де радиодан естігенбіз, көрген емеспіз. Сонда мен "Менің жолым өнер жолы ма екен? Осындай аға-апаларға ұқсап, шіркін-ай, талаптансам" деп ойладым. Өзім де мектепте ептеп ән айтатынмын, - дейді композитор.
Әкесі мен анасы сахнада жүріп табысқан
Ескендір Хасанғалиев математика пәнінің мұғалімі Құбаш Ибрашев пен 15 жастағы Қанаш Өтегенқызының отбасында дүниеге келген. Екеуі де өнерге жақын жандар. Бір сахнада өнер көрсете жүріп, бір-біріне ғашық болып, отбасы құрған.
"Туған анам – Қанаш апай мені он бес жастан асқанда дүниеге әкелген. Жолдасы – Құбаш Ибрашев. Ол кісі 24 жасында өкпе ауруынан дүние салды. Математикадан сабақ берсе де, скрипкада аздап ойнайтын өнері болған. Қанаш апай 7-класстың оқушысы, ал ол кісі ұстазы болған. Сонда мектепте қойылым қояды екен. Бір сахнада өнер көрсетіп, бір-біріне ғашық болған. Демек, мендегі музыка өнері екі жақтан да бар", - дейді Хасанғалиев.
Әкесі дүниеден өткенде екі жаста болған Ескендір Хасанғалиевті нағашы атасы мен әжесі қамқорлығына алады.
"Мені атам Өтеген Хасанғалиев пен Бахия әжем бауырына басып алды. Үлкен анам деп атаушы едім. Туған қызының баласын қамқорлығына алу қазақта бар дәстүр. Ол кісілерге деген ризашылығым мол. Өтеген атамды Өте дейтінбіз. Ол кісі ауыл кеңесінің бастығы болған үлкен кісі", - деп естелігімен бөлісті әнші.
Өнерге неге бармады
"16 жасымда Ермек ағам мен Роза апама ғашық бодым. Содан өз жолымды нақтыладым. Бірақ алдында тау инженері болсам деген арманым болды. Өйткені біздің ауданның 2 жігіті Алматыда оқитын. Демалысқа келгенінде соңынан қалмайтынбыз. Киіміндегі алтын түсті түймелер мен иығындағы погонға қызыға қараушы едік. Инженер боламын деп жүрдім. Ой үстінде жүргенде мектепті бітірдік. Аңсап, армандап Алматыға жолға шықтық", - дейді Хасанғалиев жастық шағын еске алып.
Батыс Қазақстаннан Алматыға дейін үш күндік жолға үш жігіт болып шығады. Мектепті жаңа бітірген 16 жастағы жігіттің екеуі ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетіне, ал Ескендір Хасанғалиев өнер бөліміне құжат тапсырмақшы. Алайда екі жолдасының көндіруімен ойынан айнып қалады.
"Үшеуміз Алматыға дейін баратын пойызға отырдық. Келе жатқанда мені екі жолдасым үгіттей бастады. "Өнерді, музыканы не істейсің, одан да КазМУ-ға журналистикаға түсейік" деді. Олар аудандық газетке мақаласы шығып, көрініп қалған жігіттер еді. "Жоқ, менің арманым – өнер" деп айтқанымнан қайтпай отырдым. Екі күн жүрдік, үшінші күні пойыз Түлкібас станциясына тоқтады. Бұрын-соңды көрмеген жеріміз. Түлкібасқа келгенде алма толы шелекті көтергендер көп болды. Біз жақта алма өспеуші еді. Бір шелегін алып, вогонда үш жігіт жеп отырмыз. Көңілді отырып, журналистикаға барамын деп айттым", - дейді әнші.
16 жастағы бала далада қалды
Қара шаңырақтың журналистика факультетіне барып құжат тапсырған үш жігіт конкурстан құламаса да, оқуға түсуге ұпайы жетпей қалады. Ауылға қайта баруға ұялып, не де болса, Алматыда қаламын деп шешеді.
"Қазақ бөліміне 25, орыс бөліміне 25 адам алады екен. Біз орысша білмегендіктен қазақ бөліміне тапсырдық. Конкурстан құлаған жоқпыз, бірақ өкінішке қарай балымыз жетпей қалды. 16 жастағы бала далада қалды. Ауылға қайтсаң, "пәленшенің баласы оқуға түсе алмапты" деген сөз жүреді. Ол бізге инедей қадалатын еді", - дейді ол.
Өнерді таңдап келіп, журналистикаға құжат тапсырған бала Ескендір құрылыс техникумынан бір-ақ шығады.
"Никольский базарға келіп, киоскіден газет алып оқыдым. Қарап отырсам, Ұзынағашта құрылыс техникумы бар екен. Соның жанында 10 айлық курстың хабарландыруы тұрды. "Десятник" дайындайды екен. Емтихан тапсырмай-ақ қабылдайды. Үйге барсам, ұят. Сол жерге құжатымды тапсырдым. Құжат тапсырып тұрғанда "десятник" дегеннің кім екенін білмедім. Не болса да түстім. Екі ай оқыдым. Шамалған станциясының маңында мектеп салынып жатты. Соның екінші қабатына балшық тасыдым. Өзім арықпын. 40 келілердей шамасы. Сөйтіп жүргенде ауылдан телеграмма келді. "Бахия мамаң қатты ауырып жатыр. Тез жет" деп жазыпты. Жүрегім дүрсілдеп, пойызға отырып, үйге келіп есікті тарсылдатып қақтым. Алдымнан Бахия анам шықты. Сап-сау. "Келдің бе, құлыным" дейді. Сөйтсем алдап шақырып алған екен, - дейді ол.
Ауданға келген соң екі жыл оқуға бармаған Ескендір Хасанғалиев 1958 жылы Оралдағы педагогикалық институтқа география факультетіне оқуға түскен.
Тағы оқыңыз: 2019 жылы өмірден озған ардақты азаматтар
"Емтихансыз қабылдайтын болған соң Оралға оқуға түстім. Алайда қысқы емтиханнан сүрініп қалдым. Қобалжып қаланың ішінде жүргенімде, алдымда үлкен хабарландыру тұр екен. Алты айлық баян курсы ашылған екен. Жүгіріп сонда бардым. Барсам алдымен баян алуыңыз керек, екіншіден совхоздан жолдама керек деді. Солардан рұхсат алып, алты айлық курсты бітіріп, баянымды арқалап ауылға келдім. Бір жылдан кейін Алматыдағы екі жылдық дайындық курсына келіп түстім", - деп Алматыға келгенге дейінгі оқиғаларын бөлісті композитор.
"Атамекен" әнінің туу тарихы
"Атамекен" – шетелде жүрген өнер адамының ауылға, Алматыға деген сағынышынан туған ән.
"Концерттік сапарларға жиі шығып тұрушы едік. 1970 жылы 30 жасымда Швецияға іс-сапармен бардым. Жанымдағының бәрі – өнер қайраткері. Ең жасы менмін. Нұрғали Нүсіпжанов менен 3 жасқа үлкен. Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Абдуллиндер бар. Бұл қазақ әншілерінің алғашқы делегациясы екен. Стокгольм қаласында концертке дайындалып жүргенімде ауылымды сағынып, Алматымды сағынып, біртүрлі сезімде болдым. Содан кішкене мұңдылау бір әуен туды. Бір жағынан патриоттық әсері бар сияқты. Ол әнді Алматыдан жолға шығарда жазғанмын. Соны Стокгольмде пысықтап, бітіріп, бірінші концертте Нүсіпжанов екеуіміз дуэт болып орындадық. Ол "Атамекен" әні болатын. Сөзі - Қадыр Мырза Әлінікі", - деді Хасанғалиев.
Осылайша, "Атамекен" әні алғаш рет Швецияда орындалған. Сол жақтағы қазақтар сахнадағы қос әншіге гүлдерін ұсынып, ықылас танытып, алғыс айтқан.
"Әнді айтып біткеннен кейін залдан бір топ адам сахнаға келе жатты. Шведтер қазақша түсінбейді ғой деп біз тұрмыз. Сөйтсек, Түркиядан барып жұмыс істеп жүрген өзіміздің қазақ бауырларымыз екен. Сонда мен шетелдегі бауырларымды бірінші рет көрдім. Біреуі жылайды, біреуі келіп құшақтайды. "Сөзі қандай, жүрекке тиеді" деп ықыласын айтты", - деп бөлісті әнші.
"Әуелі маған әуен келеді"
Ескендір Хасанғалиев – 200-ге жуық ән, романс, хорға арналған шығарманың авторы. Ақын, драматург Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Сырбай Мәуленовтің сөзіне ән жазған.
"Бәкір Тәжібаев ағам екеуіміз жақсы тіл табыстық. Бір-бірімізді жақсы түсінетін едік. Бір ұнағаны, ол кісі тез жазады. Әуелі маған әуен келеді. Әуен келгеннен кейін Бәкір ағаға хабарласамын. Екеуміз кездесеміз: мен пианинода ойнаймын, ол кісі қалам алып отырып қағазға түсіреді. Солай әннің сөзі дайын болады", - деді композитор.
Ескендір Хасанғалиев әнін, Бәкір Тәжібаев сөзін жазған әндер ел арасында кең танымалдылыққа ие болды. Оның ішінде "Асыл арман", "Есіңе ал", "Студенттердің қоштасу әні", "Ауылым – әнім", "Әдемі-ау", "Жанарым", "Бозторғайым" әні бар.
Сондай-ақ, Тұманбай Молдағалиевтің "Өтеді алдан бір бейне", "Жағадағы ару қыз", "Алғашқы танго" өлеңіне ән жазған.
"Мұқағали Мақатаевтың "Күрсінбеші" өлеңінің сөзі қатты ұнады. Ол әнді Дарикошыма арнадым. Ол кісі Мәскеуде оқып жүргенде "Есіңе ал" әні туды. 1978 жылы Біржан балам дүниеге келгенде қуаныштан "Келші, келші, балашым" әні жазылды", - дейді композитор.
Өзімді бақыттымын деп санаймын – Дарико Хасанғалиева
Ескендір мен Дарико Хасанғалиевтардың үш баласы бар. Екі қызы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ал ұлы Біржан Хасанғалиев Зере, Нұрсұлтан, Нұрескен есімді бір қыз, екі ер бала тәрбиелеп отыр.
"Қыздарымыз елу жасқа толып жатыр. Үлкені – кәсіпкер, екіншісі - қуыршақ театрының бас режиссері. Олардан үш немере, бір шөберем бар", - деді әртіс.
Халық әртісінің жары Дарико Хасанғалиева үлкен азаматтың жары болғаны үшін өзін бақытты санайды. Елу жылдан бері бірге жүргеніміз сезімнің арқасында дейді.
"Үлкен азаматтың әйелі болғаныма өте қуаныштымын. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Бірге жүргенімізге 50 жылдай уақыт болды. Азаматымның жүрегі кең, мінезі жайлы, кішіпейіл кісі. Оны бар қазақ біледі", - деді Дарико Хасанғалиева.
"Қызғаныш деген жоқ"
"Мен 44 жыл дәрігер болып жұмыс істедім. Отбасы құрған жылдары бір жарым күн кезекшілікте болатынмын. Жансақтау бөліміндегі жұмыс жеңіл емес. Сол кезде арамызда түсінбестік болды, әрине. "Қалай менің әйелім бір жарым күн бойы үйде болмайды" деген сияқты реніш те болды. Кейде мен де Есекеңді түсінбей қалатынмын. Түн ортасында ояна салып, пианиноға барып отыратын. Ауру ма деп қорқып кетемін. Қанша жыл өтті. Әрдайым біргеміз. Оның барлығы жас күнімізде қалды. 50 жылдай біргеміз, демек, бір-бірімізді жақсы көреміз, түсінеміз", - деді Хасанғалиева.
"Мені концертке жиі ертіп баратын. Сонда "Ескендір ағамызды қызғанбайсыз ба? Қанша қыз гүл алып шығып жатыр" деп жиі сұрайтын. Біз бір-бірімізге сенеміз. Қызғаныш деген жоқ. Ол кісіге қыздар көңіл бөліп, гүл беріп жатса, мен оғани әрқашан қуанамын деуші едім", - деп еске алды Дарико Хасанғалиева.
Мерейтойды қалай тойламақ
Отбасы Ескендір Хасанғалиевтің 80 жылдығын жоғары деңгейде атап өтпек.
"Жыл сайын Есекеңнің туған күні жоғары деңгейде тойланады. Үйімізге жақындарымыз, туыстарымыз келеді. Биыл да Астана, Ақтау қаласынан достарымыз келіп жатыр. Ал 15 ақпанда ресми түрде мейрамханада тойлаймыз", - деді композитордың жары.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Ескендір Хасанғалиев сахнаның төрінде әсем әндерін шырқай беретінін айтты. Мерейтойға арнайы концерттік бағдарлама да ұйымдастырылып жатыр.
"Мейрам сайын концерттерге үзбей шақырып тұрады. Әсіресе Жаңа жыл, Наурыз мейрамында телеарнаға арналған бағдарламаларға қатысамын. Мамырда Алматыда, маусымда Нұр-Сұлтан қаласында жеке концерт беруді жоспарлап отырмыз", - деді әнші.