НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан – Sputnik. Алматыда жоғалып кеткен үш оқушы өлі табылды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев балалардың ата-аналарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
lider.kz еріктілер қозғалысының Instagram-аккаунтында хабарланғандай, 12 ақпанда түскі бірлер шамасында №184 мектептің оқушылары сабаққа кетіп, сол күйі оралмаған.
Қала басшысы құтқарушылар Алатау ауданында жоғалып кеткен оқушыларды іздестіру жұмысын аяқтағанын мәлімдеді. Денис Мельников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсеғалиев көз жұмған.
"Жазым болған оқушылардың отбасылары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біздің балалар мұзы жұқа су айдынында көз жұмды. Полиция департаменті мен төтенше жағдай қызметтеріне себептерді тергеу жөнінде арнайы топ құруды тапсырдым", - деп жазды Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол қаза болған оқушылардың отбасыларына көмек көрсетілетінін атап өтті.
Алматының полиция департаменті 13 жастағы балалардың қазасына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Олардың өлімінің себебін анықтау үшін қажетті сот-медициналық сараптамалар белгіленген.
Полиция жоғалған балаларды іздестіру жұмыстары барысында "Теректі" ауданындағы судың жағасынан үш рюкзак тапқан. 13 ақпанда таңертең сағат сегіздер шамасында үш баланың денесі судан шығарылды.
Тергеу барысы қала әкімнің жеке бақылауына алынды.