НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы, білім беру саласының құрметті қызметкері әрі қоғам қайраткері, үлгілі жар, аяулы ана, "Бөбек" қорының негізін салушы Сара Алпысқызы 79 жасқа толып отыр.
Сара Назарбаева Арғын тайпасының Қуандық руының Мұрат бөлімінен шыққан. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. 1994 жылдан "505 — Қазақстанның балалар ауылы" қорының, 1999 жылдан "Демография" қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы қызметін атқарды.
Сара Алпысқызы небәрі бес жасында анасынан айырылып, сәбидің махаббатсыз, жақын адамның қамқорлығынсыз жетілудің қаншалықты қиын екенін біліп өседі. "Бөбек" қорының дүниеге келуіне де осы нәрсе себепші болған.
Нұрсұлтан Әбішұлымен қалай танысты
"Бала күнімде құрдастарымнан ешбір ерекшелігім болмады. Қарапайым кеңестік мектепте білім алдым. Оқу орнын тәмамдаған соң комбинатта жұмыс істей бастадым. Нұрсұлтан Әбішұлымен осы комбинатта таныстым", — деп еске алған еді ол.
Сара Назарбаева бұл кезде электр станциясында кезекші маман, ал президент көрікші қызметін атқарған. Бір күні өндіріс орнында апат болып, барлық жұмысшының көңіл-күйі түседі. Кезекші маман домнашылардың әрекетін бақылау үшін цехқа барады. Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет осы жерде көріп, арада сезім пайда болады. 1962 жылы отбасын құрып, бір жылдан кейін Дариға есімді қыз дүниеге келеді. Бұдан кейін 1967 жылы Динара және 1980 жылы Әлия есімді қыздар туады.
Сара Назарбаева немен айналысады
Сара Алпысқызы 1992 жылы ана мен баланы қорғауға, жетім балаларды қақморлыққа алып, олардың толыққанды білім алуына жәрдемдесетін "Бөбек" қорының негізін салды. Осылайша жағдайы төмен отбасылардан шыққан немесе жетім балаларға жәрдемдесудің жаңа жүйесін қалыптастырды. Елде тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Мұнымен қатар, елде бірінші болып жетім балаларды қорғайтын заң шығару туралы бастама көтерді.
Қазақстанда қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, сапалы мамандар жұмыс істейтін емханалар ашқаны үшін Сара Алпысқызы халықаралық қауымдастықтың назарына ілігіп, олардан медаль мен жүлде алды. 1999 жылы "SOS Киндердорф" халқықаралық қорының алтын медалімен, 2002 жылы ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, "Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін" Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.
Бұдан өзге бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесімен, "Құрманжан Датқа" және Unity халықаралық жүлдесімен марапатталды. Мұнымен қатар, Софи Лореннің қолынан Ресей қызыл крест қоғамы тағайындаған және өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көпжылдық қызметі үшін берілетін "Алтын жүрек" халықаралық жүлдесін алды.
"Актриса болуды армандадым"
"Бала күнімде шамадан тыс жасқаншақ болдым. Өзім білетін құрбыларымның барлығы маған қарағанда ақылды әрі маңызды болып көрінетін. Актриса болуды армандап, "Қайдағы, бұл таңдаулылардың ғана ісі ғой" деп пайымдадым. Бақытыма орай жас келген сайын "Балақайдың" арқасында бойымдағы бұйығылықтан біртіндеп арыла бастадым", - дейді Сара Алпысқызы.
"Актриса болмағаным рас. Бірақ өмірімді бұрмалап көрсететін бір қарапайым ақиқатты түсіндім. Нақтырақ айтатын болсам, адамдарды бір-бірінен ажыратуға болатын басты айырмашылық жан дүниесі мен рухтың үйлесімі арқылы өмір сүру қабілетін айқындайтын олардың санасының даму деңгейі екен", — деп жазды Сара Алпысқызы "Өмір әдебі" атты кітабында.
Тоқаев Сара Назарбаеваны марапаттады
2019 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сара Назарбаеваны I дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Айта кетсек, "Барыс" ордені мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі ерен еңбек үшін табысталады.