НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға арнап сөз сөйледі. Президент мұндай әрекеттерді айыптап, жанжалды бастайтындарды жалған патриоттар деп атады.
"Біреудің үйіне кіріп, тонаумен айналысып, онымен қоймай, жалған патриоттық ұрандармен айғай салатын адамдардың патриот емес екенін түсіну керек. Бұл адамдар заңды бұзған адамдар, яғни қылмыскерлер, қылмыстық элементтер. Сондықтан олар бүкіл қоғам мен мемлекеттің алдында заң аясында жауап беруі тиіс", - деді Тоқаев Birgemiz еріктілері фронт-офисінің ашылуында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы жиналғандардың барлығы өз елінің нағыз патриоттары екенін атап өтті. Ал Отанға деген сүйіспеншілік – бұл бөспе ұрандар мен бос мәлімдемелер емес, күнделікті еңбек, оның ішінде "жан қалауымен халықтың игілігі үшін жасалатын игі істер".
Тоқаев: Бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс
Президент еріктілік қызмет дегеніміз адамның жоғары деңгейде тұлғалық және рухани дамуының жарқын көрінісі екенін айтты.
"Еріктілік тұтастай алғанда мемлекет пен қоғам дамуының көрсеткіші саналады. Елдің жетістіктері мен жеңістері күнделікті пайдалы және маңызды істерді атқаратын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты болмақ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 16 мың ресми тіркелген ерікті бар. Дегенмен, мемлекет басшысының айтуынша, бұл сан әлдеқайда көп.