НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан — Sputnik. Елордадағы бесқабатты үйден өрт шықты. Өрт сөндірушілер жиырма адамды құтқарды, оның тоғызы бала, деп хабарлады төтенше жағдайлар қалалық департаменті.
"Сағат 14.14-те "101" пультіне Күйші Дина, 39/1 мекен-жайындағы тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарланды. Өрт сөндірушілер 7 минуттан соң оқиға орнына жетті", - деді департаменттегілер.
Бір адам қаза болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, 12 адам зардап шеккен. Оның жартысы - бала. Бәрі ауруханаға жеткізілді.
Мамандар жиырма адамды құтқарды. Олардың жартысына жуығы бала. Өкінішке қарай, пәтерлердің бірінде өрт сөндірушілер 1987 жылы туған әйелдің денесін тапты.
Өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы Sputnik Қазақстанға астаналық денсаулық сақтау басқармасындағылар айтты.
"Алты бала мен алты ересек адам ауруханаға жеткізілді. Жағдайлары тұрақты, ем қабылдап жатыр", - деді ведомствода.
Өрттің себебі анықталып жатыр.