Өңірлер

Сапарбаев Қордайдағы қақтығысқа қатысты тың деректі бөлісті

Вице-премьердің айтуынша, қылмыстық істер жаппай тәртіпсіздік, оған үндеу, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне күш көрсету, мүлікті зақымдау, заңсыз қару дайындау фактілері бойынша қозғалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиғадан кейін 25 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздік, оған үндеу, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне күш көрсету, мүлікті зақымдау, сондай-ақ, заңсыз қару дайындау фактілері бойынша 25 қылмыстық іс тіркелді", - деді Сапарбаев Сортөбе ауылында өткен брифингте.

Вице-премьер бас прокуратура ведомствоаралық жедел тергеу тобын құрғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол қаза болғандардың санын тағы бір рет нақтылап, ведомствоаралық комиссияның ресми ақпаратын негізге алуға шақырды.

"Басты міндет – ұйымдастырушыларды, арандатушылар мен кінәлілерді табу. БАҚ-та көз жұмғандарға қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Қазіргі таңда 10 адам қаза болды", - деді Сапарбаев.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Тағы оқыңыз: Депутат Қордайдағы қақтығыстан кейін Ассамблеяны жабу керек дегендерге сәлем жолдады

7 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і жатқызылды. Он адам көз жұмды.

Зардап шеккендерге 39 дәрігер көмек көрсетіп жатыр, марқұмдардың отбасыларына көмек көрсету шаралары қолға алынды.

Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Осы оқиғадан кейін 10 ақпанда президент Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков те қызметінен алынатын болды.