Өңірлер

Қордайдағы оқиға: ақсақалдың екі ұлын соққыға жыққандар ұсталды

Қазір тергеу жүріп жатыр, күдіктілердің қанша жылға бас бостандығынан айырылатыны сот үкімінен кейін белгілі болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы Қордай ауданында 80 жастағы ақсақалдың екі баласын ұрып-соққандар ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сортөбеде өткен брифингте журналистер Сапарбаевтан 80 жастағы қарияның екі ұлын соққыға жыққандар ұсталды ма деп сұрады.

"Ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Олардың қанша жылға сотталатынын сот шешеді", - деді үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, ол полиция қызметкерлеріне күш көрсеткендер де қамауға алынғанын мәлімдеді. Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Масанчидегі жаппай тәртіпсіздікке 80 жастағы қарияның соққыға жығылуы себеп болды деген әңгіме тараған еді. Зардап шеккен ақсақал мен екі ұлы Қордай ауданының Қаракемер ауылында тұрады.

Тағы оқыңыз: Ақсақалды кім ұрды - Қордай тұрғындары оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді

Қарияның ұлдарының бірі Нұрлан Құдашпаевтың айтуынша, ұрып-соғу оқиғасы 5 ақпан күні таңертең болған. Сол күні ақсақал ұлдарымен бірге дәрігерге қаралуға бара жатқан.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

7 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і жатқызылды. Он адам көз жұмды.

Зардап шеккендерге 39 дәрігер көмек көрсетіп жатыр, марқұмдардың отбасыларына көмек көрсету шаралары қолға алынды.

Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.