ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, 10 ақпан – Sputnik. Қордай ауданында туындаған тәртіпсіздіктер ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Ал жергілікті билік бұған көз жұма қараған. Тұрғындармен сөйлескеннен кейін осындай әсер қалыптасты. Себебі барлық даулы жағдайларды заңды билік емес, ақсақалдар алқасы шешкен.
Sputnik Қазақстан тілшісі оқиға орнында болып, неліктен ондаған жылға созылған жанжалды қантөгіссіз шешу мүмкін болмағанын анықтауға тырысты.
Шындық қайда?
7-нен 8-ші ақпанға қараған түні Масанчиде болған оқиға дүнгендер немесе ұлтаралық дау туралы емес, ол ұлтқа қатысы жоқ жергілікті тұрғындар жайлы.
Шын мәнінде не болғанын түсіну үшін жауапкершілікті бір-біріне аударған жергілікті тұрғындармен сөйлесу жеткілікті болды.
Sputnik Қазақстан тілшісі не себептен сол түні біреулердің өз үйлерін тастап, шекара асып кетуге мәжбүр болғанын, ал басқалардың көршілерінің шаруашылығын қиратып, тонап, ауыл тұрғындарының намысын қорғағанын анықтауға тырысты.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан Бұлар батыр, Сортөбе мен Масанчи ауылдары көптеген ауылға ұқсамайды. Асфальт төселген жолдар, әсем коттедждер, күтілген учаскелер, таза көшелер – бұның бәрі жергілікті тұрғындардың қаржылық жағдайы жақсы екенінің дәлелі. Бұнда алкоголь ішпейді, жұмыс бар. Ауыл тұрғындары негізінен жерді жалға алып, көкөніс пен жеміс-жидек өсіреді. Бұл өнімдер бүкіл Қазақстан мен Ресей нарықтарына жіберіледі.
23 автомобиль өртелген Сортөбе ауылына кіреберісте "Достық" деген үш метрлік жазуды көруге болады. Дегенмен соңғы оқиғалар көрсетіп отырғандай ауылдар арасындағы өзара қарым-қатынасты тату деп айтуға келмейді. Масанчи, Сортөбе, Ауқатты мен Бұлар батырдың негізгі тұрғындары – дүнгендер. Олар ешкіммен көп араласпайды, бірақ олардың дәл осы қасиеті және басқа ауылдар ісіне араласқысы келмейтіндігі оларға көршілермен үйлесіп тұруға мүмкіндік берген. Дегенмен жергілікті тұрғындар дау, жанжалдар болғанын және оларды жастардың бастағанын мойындап отыр.
Бір-бірімізді елемей, өмір сүріп жатырмыз
Халқының 90%-ы қазақтар саналатын Қаракемер ауылы мен Масанчи ауылын шағын көпір бөліп тұр.
Шынар Талтанбаева Қаракемер ауылының аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінде 42 жыл жұмыс істеген. Бірақ ауыл инфрақұрылымының басым бөлігі Масанчиде болған. Оның айтуынша, Қаракемер тұрғындары билікке оларда жеке ауылдық кеңес құру туралы бірнеше рет өтініш жазған, бірақ бұл өтініштер елеусіз қалған.
Оның мәліметінше, тұрмыстық деңгейдегі жанжалдар тұрақты түрде туындайтын және олар ақсақалдар жиынында шешілетін.
"Біз жиналыс өткізетінбіз, ақсақалдар сөз сөйлейтін, облыстық әкімдік қызметкерлері келетін, бізді араласпауға шақыратын және әрдайым барлығы бейбіт жолмен шешілетін", - деп әңгімеледі әйел.
Бұған қоса, тұрғындар Нұрғазы Шоқаев пен Шыңғыс Дүйсенбектің айтуынша, жастар мұғалімдерге де жиі шабуыл жасайды.
Ақсақалды кім ұрды?
Қаракемерде Құдашпаевтар отбасы тұрады. Жанұяның үш мүшесі – әкесі мен екі ұлы Сортөбедегі төбелес кезінде зардап шекті. Төлеген Құдашпаев – 80 жастағы ақсақал, оның соққыға жығылуы жанжалға себеп болды – мыс.
Құдашпаевтар отбасын ұрып-соғу оқиғасы 5 ақпан күні таңертең болды. Сол күні ақсақал ұлдарымен бірге офтальмологке қаралуға бара жатқан.
"Бара жатқанда жолымызды жүк көлігі бөгеді. Біз тоқтауға мәжбүр болдық. Алдымыздан ашулы ер адам шықты. Ол боқтап, автокөлігіміздің мемлекеттік нөмерін тебе бастады. Мен көліктен шыққанда, номер бекіткіші түсіп қалғанын көрдім. Мен одан бұны не үшін істегенін сұрадым. Сол кезде біреу артымнан келіп, буындыра бастады ", - деп әңгімеледі ұлдардың үлкені Нұрлан Құдашпаев.
Туысына көмекке кіші інісі Марлен келген. Нұрланның айтуынша, біраз уақыт өткен соң жақын маңда орналасқан үйден қолында балғасы бар қарт ер адам жүгіріп шыққан.
"Біздің айғайымызға бір топ адам жиналды, сөйтіп, төбелес басталып кетті. Әкем осы кезде машина ішінде отырды. Бірақ кейін барлығын тыныштандыру үшін көліктен шықты. Бірақ топтағы біреу әкемді жамбасынан теуіп жіберіп, ол құлап қалды. Одан соң төбелес кезінде інімнің басын біреу таспен ұрды", - деп әңгімеледі Нұрлан.
Үш зардап шеккен адам Қордай ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Төлеген Құдашпаев жамбас буынына ота жасау үшін Алматыға санавиациямен жеткізілді. Оның кіші ұлы Марлен бас сүйек-ми жарақатымен ауруханада жатыр. Ал Нұрлан амбулаторлық ем қабылдап, тергеушіге жауап беруге барып жүр.
Тұрмыстық жанжал
Дегенмен Сортөбе ауылының Кәрім есімді тұрғыны Құдашпаевтармен байланысты оқиғаның өз нұсқасын айтып берді.
Оның айтуынша, жүк көлігі бұрылып бара жатып, қалған көліктерге кедергі келтірді. Ер адам жүк көлігін Қаракемер ауылының тұрғыны жүргізді дейді.
"Менің ауылдастарым - төрт адам ағайындылармен төбелесті. Атаны ешкім соққан жоқ, оған абайсызда тиіп кетті. Ол қарт адам, таяқпен жүреді. Сондықтан ол құлап, аяғын жарақаттап алды", - деп әңгімеледі ер адам.
Оқиғаны ақсақалдар алқасына шығару туралы шешім қабылданды. Қарттар өзара кеңесе келе, Қаракемер ауылының тұрғындарынан кешірім сұрау керек деген шешімге келіп, сол жаққа делегация жіберді.
"Біз бұл мәселені бейбіт түрде шешіп, оны қайта қозғаған жоқпыз. Бірақ одан кейін төбелес орнына полицейлер келіп, машиналарды тоқтата бастаған. Оларға не керек болғаны түсініксіз, бұл көпшілікке ұнамады. Сол себептен ауылдастарым жол полиция қызметкерлерімен төбелескен. Осылайша, жағдай ушыға түскен", - деп бөлісті ер адам.
Ұрылар қаптады
Масанчи. Толықтау келген ер адам өзінің өртенген үйінен қалған қалдықты жинап жүр. Түтін иісі әлі басылмаған.
Қақпаның сол жағында орындықта ойға батқан әйел отыр. Оның жылаған келбетінен ұйқысыз түннің іздері анық көрінеді. Ол түңіліп, "әрі қарай қалай өмір сүреміз?" деген жалғыз сұрақ қойып отырған сияқты.
Бұл – Хуровтар отбасы. Қақтығыс кезінде олардың үйі мен жақында сатып алынған тракторы түгел жанып кетті.
"Мен түні бойы төрт баламды күзеттім, тұңғышым – мүгедек. Біз әрең дегенде аман қалдық. Көрші ауылдағы апайымның үйіне бардық. Мен көбі сияқты Қырғызстанға қашушы едім, бірақ барлық құжаттар өртеніп кетті. Мен қазір уақытша тұратын баспана іздеп жүрмін", - деп әңгімеледі Идрис.
Оның айтуынша, 8 ақпанда түнде оның үйінің қасына бірнеше шетелдік көлік тоқтаған. Көліктерден қолдарында шоқпары бар жас жігіттер шыққан.
"Мен әйеліме балаларды жина деп айтып үлгермедім. Олар қақпаны бұзып, ішке кіріп кетті. Біз әрең дегенде қақпадан қашып шықтық, ал олар малды әкете бастады", - дейді ер адам.
Бәле қайдан?
Қазір Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған. Қақтығыс болған орындарға апаратын барлық жолды полицейлер жауып тастаған. Олар ауылға кіретін әр көлік жүргізушісі мен жолаушылардың құжаттарын тексеріп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия құрылды. Шенеунік Жамбыл облысы әкімдігінің қызметкерлерімен бірге ауылдар мен шекаралық өткізу пунктерін аралап шықты.
Сортөбеде штаб құрылды. Онда күніне бірнеше рет халықпен кездесу өтеді. Сондай кездесулердің бірінде Сапарбаев азаматтарды тыныштық сақтауға шақырды.
"Дүйсенбіден (10 ақпан - Sputnik) бастап балалар балабақша мен мектепке баруға тиіс. Олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сауда орындары да жұмыс істеуі керек", - деп мәлімдеді шенеунік.
Бұған қоса, ол Қазақстан этносаралық қақтығыстар болмайтын көпұлтты ел екенін атап өтті.
"Біз 150 жыл бойы сіздермен бейбіт, тату және келісімде өмір сүрдік. Жағдай жаман емес, нысандар салынып жатыр, жұмыс бар. Ата-бабамыз ғасырлар бойы сақтағанды біз сақтап қалуымыз керек. Бұл жас буын алдындағы біздің міндетіміз, олар осы дәстүрді жалғастыруы тиіс", - деп атап өтті Сапарбаев.
Дегенмен оның жалынды сөзін Қаракемер ауылының бір тұрғыны бөліп жіберді. Ол залдан "қайғылы оқиғаға дәл осы жастар кінәлі" деп айғайлады. "Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелемеу, нашар тәртіп және заңды білмеу қақтығысқа әкелді. Осы проблеманың түп тамырына қарау керек. Билік міндеті – халықты келісімге шақыру, бірақ бұны істегендер оларда ақша мен байланыс жетеді деп айғайлады. Міне, бәле қайдан", - деп айтып тастады ер адам. Одан кейін оның қолынан микрофон тартып алынды.
Қордай ауданында не болды?
7 ақпанда кешке Масанчи ауылының маңында 400-ге жуық адам жаппай төбелесті. Төбелес жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Олар Масанчи мен Сартөбе ауылдарында ойран салды.
30-дан астам жекеменшік үй, 15 сауда нысаны, 23 автокөлікке зақым келіп, өртке оранды. Соңғы мәліметке сай, 10 адам қаза тауып, жүзден астам адам зардап шекті, олардың 50-і ауруханаға жатқызылды.