Өңірлер

Қордай тұрғындары Сапарбаевтан ұсталғандардың тағдыры туралы сұрады

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы ауылдардың тұрғындарымен кездесті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында жергілікті тұрғындармен кездесу барысында заңға қайшы әрекет жасамаған азаматтар босатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.

Сапарбаев Қордай ауданында Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жиын барысында жергілікті тұрғындар ұсталған азаматтардың тағдыры туралы сұрады.

"Заңға қайшы әрекет жасамағандар босатылады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайды", - деді вице-премьер.

Сортөбеліктер ауылдастарын сабырға және тәртіпті сақтауға шақырды.

"Қазақстан заңдары бар, құқық қорғау органдары бар – мұны басты назарға алу керек. Болған оқиғаға объективті сараптама жасап, не болғанын, кім кінәлі екенін анықтау керек. Біз өз бетімен жазалауға жол бермеуіміз керек. Бастысы – қоғамда бейбітшілікті, бірлік пен келісімді сақтау", - деді ауыл тұрғындарының бірі.

Қордай тұрғындары Сапарбаевтан ұсталғандардың тағдыры туралы сұрады

Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмысын жалғастырып жатыр.

Кездесуге, сонымен қатар, сенат вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау бойынша шаралар, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған.

Тағы оқыңыз: Қазақ тілі мұғалімі бар: Қордайда қаза болғандардың аты-жөні жарияланды

Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.

Кеше ұсталған адамдардың көбісін босатты. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерден 10 адам көз жұмғанын мәлімдеді. 165 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 25-і Қырғызстанда.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди өрттен 25 жер үй, 31 коммерциялық нысан жне 41 автокөлік зақымданғанын хабарлады.