Оқиға

"Адам шығыны болды": Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Қазір полиция мен Ұлттық ұлан жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, президент үкімет комиссиясын құруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.

"Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", - деді Тоқаев тікелей эфирде жасаған мәлімдемесінде.

Оқи отырыңыз: Қырғызстан Қордайдағы жаппай төбелеске байланысты шара қолданды 

Президенттің айтуынша, қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, үкімет комиссиясын құруды тапсырған.

"Оған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады", - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

"Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп түйіндеді Тоқаев.