НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Масанчи ауылында болған жаппай төбелестің себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл – тұрмыстық жанжал. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде оқиғаның нақты қалай басталғанын және кімнің кінәлі екенін білеміз", - деді Абаев журналистерге берген сұхбатында.
Осыдан кейін журналистер әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды нақтылап беруді сұрады. Соның біреуі ақсақал мен балаларды балталап тастауға қатысты болды. Министр ол мәліметті жоққа шығарды. Журналистер тағы бір ақпартты нақтылап алмақ болды.
Оқи отырыңыз: Қырғызстан Қордайдағы жаппай төбелеске байланысты шара қолданды
"Кәугерлердің сөзіне қарағанда, шынымен де, жаппай төбелеске тұрмыстық жанжал себеп болған. Сол кезде 82 жастағы қария зардап шеккен дейді. Ондай оқиға болды ма?", - деп сұрады тілшілер. Абаев: "Ондай версия бар. Бұл – тұрмыстық жанжал. Бірақ нақты не болғанын алдағы уақытта айтатын боламыз", - деп атап көрсетті Абаев.
8 адам қаза болды
Бүгін елордада өткен шұғыл баспасөз мәслихатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайда болған оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның сөзіне қарағанда, 7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберілген. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан. Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. 40-тан астамы жарақат алды. Олардың ішінде оқ тиген екі полицей бар.
Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды.
"Қазіргі кезде 47 адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардан екі аңшы мылтығы тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде жағдай тұрақты ", - деді Тұрғымбаев.