Өңірлер

Видеоға түсіп қалды: Түркістан облысында зорланған баланың анасы көмек сұрады

Түркістан облысының тұрғыны мектепте оқитын ұлын жоғары сынып оқушылары зорлады деп отыр. Сот-медицина сараптамасы әйелдің арызын растаған жоқ. Ал балалар омбудсменінің айтуынша, тәуелсіз сараптама зорлықтың болғанын дәлелдеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 ақпан – Sputnik. Түркістан облысында жасөспірімнің анасы ұлын жоғары сынып оқушылары зорлағанын айтып, арыз жазған.

Балалар омбудсмені Аружан Саинның айтуынша, бұл іс бір орнынан жылжымай тұр. Оның айтуынша, күдіктілердің ата-анасы қалталы азаматтар.

Полиция қылмыстық істің қозғалғанын, сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Анасы арыз жазған

2018 жылы 20 сәуірде Түркістан облысы Қазығұрт ауылының тұрғыны мектепте оқитын баласының жоғары сынып оқушыларынан зорлық көргенін айтып шағымданған.

Екі жыл бұрын болған оқиғаның мән-жайын Аружан Саин айтып берді. Бала 12 жасында зорлыққа ұшыраған. Саинның айтуынша, бала бұл жайында бастапқыда ешкімге тіс жарып айтпаған. Себебі жоғары сынып оқушылары ешкімге айтпа деп қорқытқан.

"Оқиғадан кейін анасы баласының жағдайын көріп, сұмдық нәрсе болғанын бірден түсінген. Ол ұлынан бар шындықты біліп, мектепке жүгірді. Полицияға арыз жазды. Бейнебақылау камераларындағы жазба тексерілген. Сегіз жоғары сынып оқушысының баланы дәретханаға апара жатқаны видеоға түсіп қалған", - деп жазды балалар омбудсмені.

Саинның айтуынша, баланың отбасына қысым көрсетіліп, зорлықшылар баланы аңдып, соққыға жыққан. Ал ауылдың үлкендері анасын оқиғаны қазбалап, "баланың болашағына балта шаппа" деп үгіттеген.

Ауылдан көшуге мәжбүр болды

Баланың анасы Аружан Саин басқарып отырған "Мейірімділік" еріктілер қоғамының көмегіне жүгінген.

"Отбасы ауылдан көшуге мәжбүр болды. Анасы біздің кеңсеге келіп, "Сіз Абайдағы балаға көмектестіңіз ғой. Менің де ұлыма көмек керек", - деді. Қазір көпбалалы отбасы Алматыда жалдамалы пәтерде тұрып жатыр", - деді балалар омбудсмені.

Оның айтуынша, баланың зорлық көргенін дәлелдейтін негізгі айғақтар жойылған.

"Мектептің бейнебақылау камераларынан жазба алынып тасталған. Ол істің құжаттарында болмай шықты", - деді Саин.

Күдіктілер кім?

"Күдіктілердің туыстары сол аймақтағы жоғары лауазымды тұлғалар болуы мүмкін", - деп жазды Аружан Саин жасөспірімнің заңды өкіліне сілтеме жасап.

"Түркістан облысы полиция департаментінің қызу жұмыс істегеніне қарамастан, екі күдіктінің кім екені анықталған жоқ. Ал қалған алты күдікті тағылған айыпты жоққа шығарып отыр", - деді Саин.

Қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу бөлімі сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Сәуірде әйелдің арызы Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша учаскелік полиция бөлімшесінде тіркелді.

"2018-2019 жылдар аралығында тергеу жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынды. Бірнеше сараптама белгіленіп, жасөспірім Алматы қаласында тексеруден өтті. Баланың анасы арыз жазған күннен 6 күн өткен соң, яғни 2018 жылдың 26 сәуірінде баласының бұл оқиғаны ойдан шығарғанын айтып, қылмыстық істі тоқтату үшін өтініш жазды", - деді полиция депаратментінде.

Тағы оқыңыз: Абай ауылында 7 жасар баланы зорлау ісі: сот үкімі қайта қаралды

"Анасының қылмыстық істі тоқтату бойынша жазған өтініші бейнежазбаға түсіріліп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген", - деді полиция.

Полицияның ақпаратына сәйкес, сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денесінен дене жарақаты табылмаған. Алайда кәмелетке толмаған баланың анасы Бас прокуратураға жүгінді. Қылмыстық іс қайта қозғалды.