Қоғам

Nur Otan партиясында жаға ұстатарлық жайттар айтылды

Түркістан облысы мен Шымкент қалаларындағы мектеп-интернаттардың хәлі мүшкіл, балаларға жағдай жасалмаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6  ақпан – Sputnik. Nur Otan партиясы жанындағы республикалық кеңес республикадағы мектеп-интернаттардағы жаға ұстатарлық жайттар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері 200 елді мекенді аралап, 1300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын тексеріп шықты. Кеңес төрағасы Динара Зәкиеваның айтуынша, республика бойынша, негізінен, Түркістан облысы мен Шымкент қалаларындағы мектеп-интернаттардың хәлі мүшкіл, балаларға жағдай жасалмаған.

"Бірнеше мысал келтірейін. Түркістан қаласындағы Ерубаев атындағы мектеп-интернат санитарлық нормаларға сай емес. 385 бала жылдың он айын сол интернаттың қабырғасында өткізеді. Ыдыстардың арасында тарақандар жүр, ыдыс-аяқтар сынық. Ауладағы дәретханалар балалар үшін қауіпті, лас, гигиена сақталмаған", - деді ол партияда өткен жиында.

Айтуынша, қазір жағдай қалпына келтірілді. Тоңазытқыш, кір жуғыш машиналар, электр плиталары және басқа да қажетті жиһаздар сатып алынды.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің тексерісінен кейін Алматы облысындағы Сарқан интернатындағы жағдай да түбегейлі өзгерген. Ғимараттың ішінде санузел болмаған, балалар түн ортасында далаға шығуға мәжбүр екен.  

Оқи отырыңыз: Елордада білім басқармасының басшысы өзі еден жуып жүр – фото 

Зәкиеваның айтуынша, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, осы жылдың соңына дейін жөндеу жүргізіледі. Интернаттың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 11,5 миллион теңге бөлінді.

Шымкенттегі Сайрам шағын ауданында орналасқан мектептегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. 1260 оқушыға шақталған мектепте жалғыз ғана қол жуғыш. Темір қол жуғыштың өзі көшеде орнатылған.

"Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сумен қамту, кәріз жүйесін тарту үшін 10,5 миллион теңге қарастырылды. Биыл жөндеу жүргізіледі", - деді кеңес төрағасы.

Республикалық кеңес тарапынан ескерту алған мектептер мен интернаттар үшін оннан отыз бес миллион теңгеге дейін қаржы бөлінген. Жөндеуге дайындық жүргізіліп жатыр.

"Жалпы мұндай жағдайлардың басым бөлігі Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында тіркелді. Осыған байланысты біз әкімдіктермен бірге осы мекемелер бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Олардың саны – 518. Әрқайсысында қырықтан төрт жүзге дейін балалар тұрады", - деді ол. 

Қоғамдық кеңес мүшелері 311 мектеп пен интернатты аралаған.