НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. Елордаға Қытайдан келген студент коронавирус инфекциясын жұқтырмаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Студентке бронхит диагнозы қойылды. Сырқат асқынған, бронхит. Коронавирус инфекциясы анықталған жоқ", - деп хабарлады астаналық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін астаналық медициналық университет студентінің 14 қаңтар күні Қытайдан оралғаны хабарланған болатын. Кейін ол коронавирусқа шалдықты деген қауіппен ауруханаға жеткізілді. Қалалық инфекциялық ауруханада диагноз нақтыланды.
Қытайдан қанша қазақстандық келді
Қазақстан эпидемия ошағы Уханьнан 83 қазақстандықты, соның ішінде 80 студентті эвакуациялады. Сонымен қатар, 24 шетелдік – Қырғызстанның 18 азаматы, Беларусьтің бес азаматы және Арменияның бір азаматын Қазақстанға жеткізді. Қырғызстандықтар арнайы бортпен Бішкекке жіберілді. Елге жеткізілген қазақстандықтар он төрт күндік карантинге алынды.
Тағы оқыңыз: Қытайдан жеткізілгендер Нұр-Сұлтандағы "құпия" ауруханада жатыр - видео
4 ақпандағы жағдай бойынша, стационарларда 33 адам дәрігер бақылауында жатыр. Қазақстанда коронавирус табылған жоқ. Соңғы деректер бойынша, Қытайда 24,3 мың адам коронавирус жұқтырып, 490 адам көз жұмды.