Қоғам

Қытайдан эвакуацияланған студент Қазақстан халқына үндеу жасады

Ол ауруханада жатқан адамдардың барлығының жағдайы жақсы екенін айтып, туған-туыстарынан алаңдамауды сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Қытайдың Ухань қаласынан Қазақстанға жеткізілгеннен кейін карантинге жатқызылған науқастардың бірі журналистермен әңгімелесуге келісім берді, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, пациенттердің телефондары да өзге заттармен бірге өңдеу үшін алынған. Дегенмен аурухананың стационарлық телефоны арқылы байланысуға мүмкіндік бар.

"2016 жылдан бері Ухань қаласында болдым. 22 қаңтарда қалада карантин жарияланған кезде 100-ден астам адам болған едік. Мен және тағы екі студент эвакуациялау бойынша операцияны үйлестіруге көмек бердік", - деді Уханнан келген қазақстандық студент.

Айтуынша, олар эвакуациялау жоспарын бір апта бойы дайындаған.  Себебі нақты шешім болмаған.

"Соңғы уақытқа дейін Қытай өзге елдерге әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат бермеді", - дейді аты-жөнін айтпаған студент қыз.

Оқи отырыңыз: Қытайда тағы бір қауіпті вирус табылды 

Ол ауруханада жатқан адамдардың барлығының жағдайы жақсы екенін айтып, туған-туыстарынан алаңдамауды сұрады.

"Ұзақ уақыт Қытайда болған балалар өз нөмірлерін тіркеп үлгермеді және Қазақстанға келгеннен кейін олардың нөмірі өшіп тұр. Олардың ата-аналары эвакуациялау жоспарына сай Қазақстанға келгенімізді біледі.  Бірақ, кім қай палатада екенін білмейміз", - дейді ол.

Сөз соңында ол қолдау көрсеткен мемлекет басшысына және отандастарына ризашылығын білдірді.

"Құрметті Қазақстан халқы! Біз барлығымыз Отанымызға оралдық және дәрігерлердің тұрақты бақылауындамыз. Бізде бәрі жақсы. Біз үшін шын ниетімен алаңдағандардың барлығына көп рахмет", - деп түйіндеді ол.

Қытайда қауіпті вирус таралды

Қытай билігі 2019 жылдың 31 желтоқсанында Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралғаны туралы хабарлады. Мамандар ауру 2019-nCoV коронавирусынан пайда болғанын анықтады.

Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 17,2 мың адамнан асты, 361 науқас қаза тапты. Тағы шамамен 150 азамат Қытайдан тыс жерде ауырып қалды, олардың біреуі көз жұмды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралуын халықаралық маңызды төтенше жағдай деп жариялады.

Қазақстанда коронавирус жұқтыру жағдайлары жоқ. Республика Қытаймен әуе және теміржол қатынасын уақытша тоқтатты.