Әлем

Ресей коронавирус диагностикасына арналған тест-жүйелерді Қазақстанға берді

Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығының басқа елдерімен бірге Ресейде әзірленген "коронавирусты анықтайтын заттарды" алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Ресейлік ғалымдар әзірлеген "2019-nCoV жаңа коронавирусының зертханалық диагностикасына арналған заттар" Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен ТМД елдеріне берілді.

"2020 жылдың 1 және 2 ақпанында 2019-nCoV вирусын анықтауға арналған ресейлік тест-жүйелердің қажетті мөлшері Армения, Беларусь, Қазақстан мен Өзбекстан республикаларына берілді. Бұған қоса, Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізу жоспарланып отыр", - делінген Ресейдің тұтынушылық қадағалау қызметінің сайтында.

Олар серіктес елдерге тегін таратылды, делінген ақпаратта.

Тест-жүйелер "Вектор" мемлекеттік вирусология және биотехнологиялар ғылыми орталығының базасында әзірленген.

Қытайда қауіпті вирустың таралуы

Қытай билігі 2019 жылдың 31 желтоқсанында Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралғаны туралы хабарлады. Мамандар ауру 2019-nCoV коронавирусынан пайда болғанын анықтады.

Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 17,2 мың адамнан асты, 361 науқас қаза тапты. Тағы шамамен 150 азамат Қытайдан тыс жерде ауырып қалды, олардың біреуі көз жұмды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралуын халықаралық маңызды төтенше жағдай деп жариялады.

Қазақстанда коронавирус жұқтыру жағдайлары жоқ. Республика Қытаймен әуе және теміржол қатынасын уақытша тоқтатты.