Елорда тынысы

Елордада 28 жастағы жігіт жолаушылар автобусын айдап кетті

Елорда тұрғыны таңертең бағдарға шыққалы тұрған автобусты айдап кеткен, бірақ оны полицейлер тез қолға түсірді
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 ақпан– Sputnik. Елордада жолаушылар автобусын айдап кеткен 28 жастағы жігіт жауапкершілікке тартылады, деп хабарлады Нұр-сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

3 ақпанда таңғы сағат жетілер шамасында полицияға автобус жүргізушісінен хабарлама түседі. Ол белгісіз ер адамның "MAN SL" автобусын айдап кеткенін айтады.  

Жүргізушінің сөзінше, ол автотұрақта автобусты қыздырып жатқан. Диспетчерлік бөлмеге кірген кезде белгісіз ер адам автобусқа кіріп, көлікті айдап кетіпті.

Алайда жас жігіт алысқа бармай-ақ құқық қорғаушылардың қолына түсті.

"Сағат 07:18-де видеобақылау камераларының көмегімен Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшелерінің қиылысында автобусты айдап кеткен 28 жастағы қала тұрғыны ұсталды", - деп хабарлады полициядағылар.  

Медициналық сараптама нәтижесі жігіттің орташа деңгейде мас болғанын көрсеткен.

Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу (айдап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.