Қоғам

Тоқаев Мұхтар Мағауинді 80 жасқа толуымен құттықтады

Мемлекет басшысы жазушының ұлтты ұйыстыру мен тәуелсіздікті нығайту жолындағы еселі еңбегі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Мағауинді 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін арнап, жеделхат жолдады. Бұл туралы фейсбукте президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды.

Мемлекет басшысы жазушының әдебиет пен ғылымдағы еңбегін ерекше атап өткен.

"Сіз көрнекті жазушы әрі зерделі зерттеуші ретінде төл әдебиетіміздің дамуына зор үлес қостыңыз. Қаламыңыздан туған әр шығармаңызда ұлттық рух пен елдік мүдде айқын көрініс тапты. Хандық дәуірдегі ақын-жырауларымыздың мол мұрасын жаңғыртқан "Қобыз сарыны" атты ғылыми еңбегіңіз сөз өнерінің тұғырын одан әрі биіктете түсті. Әйгілі "Аласапыран" романы бүгінде әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналды. Тартымды туындыларыңыз арқылы қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келесіз", - делінген жеделхатта.

Тоқаев Мағауиннің ұлтты ұйыстыру мен тәуелсіздікті нығайту жолындағы еселі еңбегі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін айтты.

Президент қаламгерге зор денсаулық, отбасына бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында туған. Филология ғылымдарының докторы, публицист, Қазақстанның халық жазушысы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым.