Қоғам

Алматыда шетелдік нөмірмен жүрген алғашқы көлік тіркелді

Көлік иесі темір тұлпарын уақытша тіркеген. Арнайы соманы төлеп тұрады. Кейін оның көлігі елде біржолата тіркеуге алынады
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 ақпан - Sputnik. Алматыда шетелдік нөмірмен жүрген алғашқы көлік тіркелді. Темір тұлпар Ресейден әкелінген. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Көлік иесі "Саялы" шағын ауданындағы №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында шетелдік нөмірмен жүрген көлікті тіркеді", - деп жазылған полиция ақпаратында. 

37 жастағы Владимир Баев өзінің Ресейден әкелген көлігін тіркеді.

"Бүгін көлігімді уақытша тіркеу үшін осы жерге келдім. Бір жылда утилизациялық алымды төлеп тұрамын. Кейін көлікті Қазақстанда біржолата тіркеймін. Бар жұмыс 20-30 минутта аяқталды", - деді Владимир. 

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген автокөліктерді уақытша тіркеуді тапсырған болатын. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады.