Өңірлер

"Айғайды естіп, жүгірдім": Қостанай тұрғыны аса ауыр қылмыстың үстінен түсті

52 жастағы ер адам бұрынғы әйелін пышақтап тастап, өзінің кеңірдегін қиып жіберген. Қазір екеуі де қазір жансақтау бөлімінде жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Қостанайда ажырасқан әйелінің соңынан қалмай қойған ер адам жантүршігерлік қылмыс жасады. Ол сұлулық салонында жұмыс істейтін бұрынғы келіншегін жұмыс орнында пышақтап тастап, өзінің кеңірдегін қиып жіберген.

Қала тұрғындарын дүр сілкіндірген қанды оқиға 30 қаңтар күні  сағат төрт кезінде болған.

Куәгердің айтуынша, әуелі елу екідегі ер азамат әйелді оңаша сөйлесуге шақырған. Оған көнбеген соң ішке еніп, клиенттің көзінше маникюр жасайтын шеберді пышақтап тастаған. Кейін өз-өзіне пышақ сермеген, деп хабарлады "Астана" арнасы.

"Айғай-шуды ести сала, жүгіріп бардым. Күдікті бері қарады да, орындыққа отыра кетті. Кеңірдегін қиып жіберген екен. Әйелге алғашқы көмек көрсетіп, дәлізге алып шықтық. Дереу жедел жәрдем шақырттық", - дейді куәгер Илья Подоплелов.

Бұрынғы күйеуінен жапа шеккен қырық жастағы келіншек қазір облыстық ауруханадағы жансақтау бөлімінде жатыр. Көптеген пышақ жарақатын алған. Ал дәрігерлер кеңірдегін өзі қиып жіберген бұрынғы күйеуінің жағдайы мүшкіл дейді.

"Әйелдің денесі мен бетінде көп пышақ жарақаты бар. Ал еркектің мойны, яғни кеңірдегінен жарақаттанған. Ол қалалық ауруханада жатыр. Полицейлердің мәліметінше бұрынғы ерлі-зайыпты 2013 жылы ресми ажырасқан. Кейін тағы татуласып, бірнеше мәрте араздасып, қосылып жүрген. Ерінен жәбір көрген әйел екі рет полицияға шағымданыпты. Өткен жылы екеуі екі жаққа кеткен. Бірақ күдікті бәрібір сүйіктісінің қыр соңынан қалмаған", - дейді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

"Өлтіремін дейді": Күйеуі өртеген әйелдің анасы трагедияға не себеп болғанын айтты 

Қостанай қаласы полиция басқармасы солтүстік бөлімі басшысының орынбасары Олжас Сүлейменовтың айтуынша, бұрынғы ерлі-зайыптының ортақ балалары бар.

"Күдіктінің қызғанышы және бірге тұрмақ болған әрекеті осындай оқиғаға әкелді", - дейді ол.

Полиция "Адамды қасақана өлтіруге оқталу" және "Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сондай-ақ күдікті жансақтау бөлімінде жатқанына қарамастан арнайы күзетке алынды.