Саясат

Тоқаев Қытай басшысына хат жазды

Тоқаев коронавирусты тоқтату және жою жөніндегі Қытай басшылығының шешімдері мен іс-қимылдарын жоғары бағалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге коронавирустың таралуына байланысты хат жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасына қауіпті вирусты тоқтату және жою жөніндегі Қытай басшылығының шешімдері мен іс-қимылдарын жоғары бағалай отырып, Қазақстан үкіметінің Қытайға қажет болған жағдайда жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екені туралы шешімін жеткізді", - деп жазылған хабарламада.  

Сондай-ақ президент коронавирустың Қазақстан аумағында тарап кетпеуі үшін үкіметтің қабылдап жатқан іс-шаралары туралы хабарлады.

Қытайдағы коронавирус

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтады – ол 2019-nCoV коронавирусы.

Қытай коронавирусы: Тоқаев мәлімдемесінен соң үкімет қандай шара қолданды? 

Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.

Қытайда жаңа коронавирустан 259 адам көз жұмды, шамамен 12 мың адам жұқтырды.

Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер ерекше пневмонияға диагноз қоюды үйренгенін мәлімдеді.

Ел билігі Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты.