Саясат

Тоқаев Ақордада Ресейдің жаңа премьерімен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің жаңа премьер-министрі Михаил Мишустинмен екі елдің ынтымақтастығын талқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Мишустинді Ресей үкіметінің төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады, деп жазды РИА Новости.

"Мен сізді осы жоғары лауазымға тағайындалуыңызбен құттықтаймын және Ресейдің игілігі жолында сәттілік тілеймін. Сондай-ақ, менің әріптесім, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге сәлем жолдап, ізгі тілегімді жеткізсем деймін", - деді Тоқаев Ақордада Мишустинмен кездесуде.

Ресей премьер-министрі Ресей мен Қазақстан бауырлас, одақтас елдер екенін атап өтті.  

"Біздің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді, аймақаралық қатынастар және іскерлік байланыстар нығаюда, біздің елдеріміз еуразиялық экономикалық интеграция, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, ТМД және ШЫҰ процестерінде жетекші рөл атқарады. Бұған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп еңбек сіңірді", - деді Мишустин Қазақстан президентімен кездесу барысында.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның Ресейдегі елшісі тағайындалды

Еске сала кетейік, бұл Михаил Мишустиннің осы қызметтегі алғашқы шетелдік сапары.

Ресей үкіметінің басшысы Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің жұмысына қатысу үшін 31 қаңтарға қараған түні Қазақстанға келді.

Михаил Мишустин Digital Almaty форумына қатысып, ЕАЭО аумағында электрондық цифрлық қолтаңбалардың біріктірілген жүйесін құру туралы ұсыныс айтты.  

Ол сонымен бірге Алматыда қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен кездесті.