Өңірлер

Қарағанды облысында 3 жас жігіт мешітте ажал құшты

Марқұмдардың жасы 20-дан енді ғана асқан. Бірі мешітте от жағушы болып жұмыс істесе, екеуі ауыл тұрғыны
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар — Sputnik. Қарағанды облысының Ақтоғай ауылындағы орталық мешітте үш бірдей азамат иіс тиіп, қайтыс болды.

Марқұмдардың жасы 20-дан енді ғана асқан. Бірі - сонда от жағушы болып жұмыс істейтін Жасқайрат Амангелдин, ал қалған екеуі ауыл тұрғыны Ерболат Әбдікәрім мен Қайыржан Иса. Жігіттер 28 қаңтар күні түс ауа Алла үйіне келген. Боран салдарынан жарық сөніп қалып, жылыту пешін дизельді генератор арқылы іске қосқан. Артынша олардың сұлық жатқан денелерін мешіт жамағатының бірі көріп, хабарлаған. Ауруханаға жеткізілгенімен, жігіттер есін жимады, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Мешітте сұлық жатқан үшеуін өз көлігімен ауруханаға жеткізген жергілікті азаматтың айтуынша, жігіттер уланып қалған. Ауруханаға әкелгенде олардан биологиялық өлім белгілері байқалған. Сондықтан ешқандай медициналық көмек көрсетілмеді", - деді ахуалдық орталық меңгерушісі Ерік Шонбаев.

Тұрғындардың өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама нәтижесі анықтайды.

Тағы оқыңыз: Мешітте Құрбан айт қарсаңында атыс болды