Қоғам

Еңбек министрі ең төменгі жалақы қашан және қаншаға өсетінін айтты

Осы жылдың шілдесінен бастап елдегі ең төменгі еңбекақы мөлшері көтеріледі, деп хабарлады Нұрымбетов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. 2023 жылға қарай елдегі ең төменгі жалақы орташа еңбекақының 30 процентінен кем болмайды және ол 70 мың теңгені құрайды. Үкімет алдына осындай міндет қойып отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"2023 жылдың басында ең төменгі жалақы елдегі орташа еңбекақының 30 процентінен төмен болмауы керек. Біз қазір соған келе жатырмыз. Біздің болжамымыз бойынша, егер 2023 жылы орташа жалақы 224 мың теңге болса, онда ең төменгі еңбекақы 70 мың теңгеден асуы тиіс", - деді Нұрымбетов мәжілістегі кездесуден кейін.

Айтуынша, қазір ұлттық экономика және еңбек министрліктері бюджет шығындарын ескеріп, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен арттырудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр.

"Жақын арада бәрін есептеп, үкіметте келіскеннен кейін халықты құлақтандырамыз. Ең төменгі еңбекақыны 2020 жылдың шілдесінен бастап көтеруді жоспарлап отырмыз", - деді ол мәжілістегі кездесуде.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ең төменгі жалақы мөлшері бойынша айтарлықтай артта қалып отырғанын мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты кірісін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.