НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бірқатар өңірде коронавирус жұқтырды деген күдікпен бірнеше адам ауруханаға түсті деген алып-қашпа әңгімеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қызылорда облысында бір адам коронавируспен ауруханаға түсті деген ақпарат тараған.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, пациент ауруханаға түскенде дене температурасы болып, басы ауырған.
"Пациенттің сөзіне қарағанда, пойызда жуынғаннан кейін вагонда ұйықтап қалады. Ал терезе ашық тұрған. Ол кісі Хайнань аралында болғаны белгілі болды. Сол себепті ол бөлек боксқа жатқызылды" , - деді Бекшин баспасөз мәслихатында.
Бас санитар пациенттің қазіргі жағдайы жақсарды деп отыр.
"Жүрек пен тыныс алу жағынан ешқандай шағымы жоқ. Температурасы жоқ. Дәрігерлер барлық қажетті диагностиканы жасап жатыр", - деп атап көрсетті Бекшин.
Сонымен қатар Бекшин Алматы мен Жамбыл облысында бақылауға алынған адамдар туралы айтып берді.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Қытаймен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтатты
"Жамбыл облысындағы пациентке өткір респираторлық вирусты инфекция диагнозы қойылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық. Температурасы ойдағыдай", - деді ол.
Бас санитар Алматы облысындағы емделушілердің жағдайы жақсарып келе жатқанын да жеткізді.
"Біздің азаматтарымыздың жағдайы жақсы. Олар Панфилов аудандық ауруханасында медициналық тексерістен өтті. Қазіргі кезде оларды үйге жіберу мәселесі қаралып жатыр", - деп атап көрсетті Бекшин.