Саясат

Қазақстан Қытаймен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтатты

Автобус және жолаушы тасымалымен қатар Қазақстан Қытай арасындағы әуе кеңістігі жабылып, виза беру тоқтатылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар — Sputnik.  Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирус таралуының алдын алу үшін бірқатар қосымша қорғану шарасын қабылдады, деп хабарлайды премьер-министр сайты.

"29 қаңтардан бастап екі ел арасында жолаушылар автобусының тасымалы, 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ, 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында жүретін жолаушылар пойыздарының бағдары уақытша тоқтатылады. Қытай азаматтарына виза берілмейді", -деп жазылған хабарламада.

Мұнымен қоса, 4-8 ақпан аралығында Халықаралық теннис федерациясының Федерация кубогының іріктеу матчтарын Қытайдың Дунгуан қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыруы туралы ұсынысы қабылданбады. Сондай-ақ, 12-16 ақпан аралығында су добынан Азия іріктеу чемпионаты өткізілмейтін болды.

Тағы оқыңыз: Алматыда коронавирус анықталды деген хабарламаға қатысты басқарма түсініктеме берді

Ведомствоаралық комиссия жағдайдың тәуліктік режимде қадағаланатынын айтты. 29 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттану оқиғасы тіркелмеген. Мәселе ел басшылығының ерекше бақылауына алынған.