НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильоны таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында "Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру" деген тақырыппен өтеді.
EXPO-2020 көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп жоспарлануда.
"Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі павильонына жақын жердегі "Мүмкіндіктер" деп аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөліктерге бөлінген. Онда өңіріміздің әлемде алатын орны, еліміздің туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады. Интерактивті шоудың соңында павильон қонақтарына жасанды интеллектінің адамзат болашағына әсері туралы айтылады.
Бұған қоса, Қазақстан президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Одан кейін Тоқаев Дубайдың Халықаралық қаржы орталығына барды, басқа да бірқатар маңызды кездесу өткізді.