НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қытай билігі коронавирус инфекциясы өршіп, карантин жариялануына байланысты әзірге өзге елдерге өз азаматтарын эвакуациялауға рұқсат бермей отыр. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Смадияровтың мәліметінше, дипломаттар карантин жарияланғанға дейін Ухань қаласындағы қазақстандықтардың саны туралы ақпарат жинап, түрлі сценарийге дайындалған. Алайда Қытай билігі қаланы жауып тастап, ешкімді шығармай қойған.
"Біздің Қытайдағы дипломаттарымыз өзге елдердің елшіліктері секілді қазақстандықтарды эвакуациялау жолдарын қарастыра бастады. Айта кететіні, карантин жарияланған алғашқы күндері Қытай тарапына мұндай мүмкіншілік туралы сұрау-хаттар жіберілді. Қытай тарапы ешбір елге ондай рұқсат берген жоқ, қала карантинге жабылды", - деп жазды Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Ухань қаласынан қанша қазақстандық кете алмай отыр
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 230 қазақстандық студент Қытайдың Ухань қаласында тіркелген. Оның 98-і бүгінде қалада.
"Қалғандары каникулдың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа елдерге кеткен", - деп түсіндірді бұған дейін ведомство.
Қытайдағы коронавирус
Қытайда 2019 жылдың желтоқсанынан бастап белгісіз коронавирустың таралуына байланысты ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы "жауып" тастады.
Бірінші болып Ухань қаласы "жабылды". Себебі қауіпті індет 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын.
"Қорқынышты": Қазақстан студенттері Уханьда не боп жатқанын айтты – видео
Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар.
Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 80 адам көз жұмған. Бұған қоса, бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.