НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Он сегіз жастағы ақтөбелік Әнел Сисенғалиева екі жыл Қытайдың Хубэй провинциясы Ухань қаласында тіл курстарын оқыған, қазір ол Нанкиндегі университеттің бірінші курс студенті. Бірақ ол каникулға Уханьға кеткен екен, деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.
Студенттің анасы Рабиға Сисенғалиеваның айтуынша, қызы Уханьнан кетіп үлгермеген. Бойжеткен анасына қала көшелерінде тірі жанның жоқ екенін, көптеген дүкеннің жабық екенін жеткізген.
"Бізге сағат 17-ден 21-ге дейін жатақханадан шығуға, терезелерді ашуға тыйым салынды. Өйткені осы кезде зарарсыздандырғыш заттарды шашады. Қалада адам өте аз, барлығы маскамен жүреді, көліктер жүрмейді. Біз қайтқымыз келеді, бірақ әуежай мен вокзал жабық. Студенттердің бірі таксимен кетуге тырысты, бірақ қаладан шыққандар жазаланады деген сыбыс шықты. Өзімді жақсы сезінем, бірақ үйге оралғым келеді. Бұнда қорқынышты", - дейді Әнел Сисенғалиева.
Қызының денсаулығына алаңдаған Рабиға Сисенғалиева енді елшіліктен көмек сұрамақ.
Дегенмен, желіде арнайы видеоүндеу жариялаған Ухань университетінің Phd студенті Гүлбақыт Болатбекқызы қалада жағдай тұрақты дейді.
"Бізге мұнда белгісіз вирус тарап жатыр, абай болыңдар, халық көп жиналатын жерлерге бармаңдар деп ескертті. Бірақ біз жағдай осылайша ушығады деп ойламадық. Қазір қала жабық, бізде карантин. Кеше ғана дүкенге азық-түлік сатып алуға бардым, жергілікті халықтан ешқандай дүрлігу байқамадым. Барлығы маска киіп жүр. Бәрі тыныш, жұрт қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Қытай жаңа жылы мерекесіне байланысты кейбір дүкен мен супермаркет жарты күннен қызмет көрсетеді", - деді Гүлбақыт Болатбекқызы.
"Ғимараттарға кіреберісте белсенділер, еріктілер не күзетшілер термометрмен тұрғындардың дене қызуын тексереді. Азық-түлік, ауыз су бәрі бар, олар қолжетімді. Мен ешқандай тауар жетіспеушілігін байқаған жоқпын. Бұған қоса, біздің университет әр студентке маскалар мен дезинфекциялық заттар ұсынады. Мен ешбір жерде ешқандай төбелес пен айғай-шу көрген жоқпын. Бірақ дүрліктіріп отырған - қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары, жалпы орыс тілді БАҚ. Олардың мақсаты қандай екені маған белгісіз", - деп толықтырды ол.
Отандасымыздың айтуынша, індет туралы мәлімет тарай бастағанда Уханьдағы қазақстандық студенттер сұқбат берген, бірақ олардың сөздері бұрмаланған.
"Біз зомбиге айналып жатқан жоқпыз, бір-бірімізді жеп жатқан жоқпыз. Барлығы жақсы, бәрі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деп түйіндеді Гүлбақыт Болатбекқызы.
Қытайдағы коронавирус
2019 жылдың желтоқсанынан бастап Қытайда белгісіз коронавирустың таралуынан кейін ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы "жауып" тастады.
Бірінші болып Ухань қаласы "жабылды". Себебі қауіпті індет 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын.
Тағы оқыңыз: Қытайдағы коронавирус: індеттен көз жұмғандар саны бір тәулікте артып кетті
Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар.
Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 80 адам көз жұмған. Бұған қоса, бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.