НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Ресейде қазақстандық подполковниктің қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біздің дипломаттарымыз полиция бөлімшесінде болды. Біз барлық мәліметті алдық. Иә, ол кісі шынымен де Қазақстан азаматы. Алдын ала дерекке сәйкес, бұл зорлықтан болған өлім емес. Оның ауруы ұстап қалған. Сөйтіп, баспалдақта құлаған. Бұл – ресейлік полицейлердің ақпараты", - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 21 қаңтарда ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында күндізгі сағат төрт шамасында подполковникті өз үйінің жанында жасөспірімдер соққыға жығып, өлтірді деген мәлімет тарады. Шұғыл ауруханаға жеткізілген 62 жастағы ардагер бір сағаттан кейін көз жұмған.
Тағы оқыңыз: Ресейде Қазақстан ішкі істер министрлігінің подполковнигі өлі табылды
РФ тергеу комитетінің Санкт-Петербург бойынша басқармасы осы оқиғаға қатысты ресми хабарлама жариялады. Оған сәйкес, тергеуге дейінгі тексеріс басталды. Алдын ала дерек бойынша, ер адам жазатайым оқиға кезінде қатты жарақат алған. Ол өз пәтеріне кіріп бара жатқанда шалқасынан құлаған.
"Оқиға орнында тексеріс жүргізілді. Куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сот-медициналық сараптама өткізіледі. Тергеу қызметінде оқушылардың ер адамды өлтіргені туралы ақпарат жоқ. Ал олардың қамалғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Тергеуге дейінгі тексерістің нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады", - деп хабарлады тергеу комитеті.
"Журналистік зерттеу" агенттігінің дерегіне сәйкес, Вячеслав Жексенов Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінде жұмыс істеген. Подполковник шенінде зейнетке шыққан. 2014 жылы Жексенов Санкт-Петербург қаласына көшіп, кәсіпкерлерге кеңес беру бойынша шағын бизнес ашқан.