НҰР-СҰЛТАН, 23 қаңтар – Sputnik. Шымкентте мас жүргізуші көлігімен полицейді қағып кетті. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлайды.
"Mitsubishi Galant" автокөлігін тізгіндеген жүргізуші Рысқұлов көшесінде "Audi-80" көлігімен соқтығысқан. Анықталғандай, Mitsubishi Galant жүргізушісі мас болған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келген.
Жол сақшысы "Mitsubishi Galant" жүргізушісінен құжаттарын көрсетуді сұрайды. Алайда ер адам бас тартып, оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Ол көліктің жүруін бөгеген полицейді қағып, капотында үш шақырымға тасыған.
Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 380-бабы 2-бөлімі (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ, әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазір ол Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды.
Полицей зардап шеккен жоқ.