Өңірлер

Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы

Өңірлерде тұман мен көктайғақ болады деген болжам жасалып отыр. Скандинав елдері мен Ресейдің солтүстік аймақтары арқылы келетін атлантикалық циклондардың әсері сақталады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда үш күн бойы ауа-райы өзгермейді. Қар, боран мен қатты жел сақталады, деп хабарлайды Қазгидромет.

Ресми мәліметке сәйкес, республиканың басым бөлігі атмосфералық фронттардың ықпалында болады. Бұл – Скандинавия мен Ресейдің солтүстік аймақтары арқылы келетін атлантикалық циклондардың әсері. 

"Облыстарда қар көп жауады. Боран және батыс жақтан соғатын қатты жел сақталады. Солтүстікте желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асуы мүмкін", - делінген Қазгидрометтің хабарламасында.

Бұдан бөлек, өңірлерде тұман мен көктайғақ болады деген болжам бар.

Ірі қалалардағы ауа райы

23-25 қаңтар күндері Нұр-Сұлтанда қар жауып, қатты жел болады. Түнде ауа температурасы - 2 мен -11 градус аралығында. Күндіз -1-2 градус, аяз. 23-24 қаңтарда екпінді жел соғады, жылдамдығы секундына 10-18 метрге дейін барады.

Алматы қаласында алдағы үш күнде көшпелі бұлт тұрады, жауын-шашын болмайды. 25 қаңтарда жаңбыр себелеп жауады да, арты қарға ұласады. Түнде сынап бағанасының көрсеткіші -4 градустан төмен түспейді. Күндіз жылы +1-4 градус.

Тағы оқыңыз: Құтқарушылар астаналықтарды жұмыстан ертерек босатуды сұрады

Шымкентте 23 қаңтарда көшпелі бұлт болады, ара-тұра қар жауады. Түнде – 9, ал күндіз +6 градус болады. 24-25 қаңтарда жаңбыр жауады деген болжам бар. Түнде ауа температурасы - 2, күндіз +5 градус.