Елорда тынысы

Құтқарушылар астаналықтарды жұмыстан ертерек босатуды сұрады

Өрт сөндірушілер, полицейлер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері қолайсыз ауа райы кезінде қазақстандықтарға көмектесу үшін күшейтілген режимде қызмет атқаруда
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қаңтар — Sputnik. Құтқарушылар Нұр-Сұлтанда қатты боранның соғуына байланысты астаналықтардың жұмыс күнін қысқартуға шақырады.

Жел екпіні секундына 23 метрге дейін күшеюі мүмкін, деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

"Барлық бизнес-құрылым, ұйымдар, оның ішінде құрылыс ұйымдарына әсіресе биіктіктегі жұмыстарды орындаудан бас тартуға және жұмыс күнін қысқартуға кеңес береміз", - деді Сыздықов бейсенбі күні журналистерге.

Тек бұл қала тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдар, атап өтсек, өрт сөндіру қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел медициналық жәрдем және коммуналдық қызметтерге қатысты емес, делінген төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Астаналықтар қала сыртына шықпасын

"Мен тұрғындардың барлығына алыс жолға шықпауға кеңес беремін. Ал егер олар қазір жолда болса, 112, 109, 101, 102 нөмірлеріне хабарлассын. Біз көмектесеміз", - деді Бауыржан Сыздықов.

23 қаңтарға қараған түннен бастап "112" қызметіне 1639 қоңырау түскен. Олардың 85%-і - тас жолдардың ашылуы не жабылуы мен сабақтың болу-болмауы мәселесіне байланысты, деп нақтылады департамент.

"Қазір барлық арнайы қызмет, коммуналдық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Екі мыңнан астам адам, 1200 арнайы техника жұмылдырылған. Қаланың төрт ауданында штабтар ұйымдастырылған", - деп атап өтті Сыздықов.

Оның айтуынша, биыл қар былтырғы қараша-желтоқсанмен салыстырғанда екі есе көп түсті. Департамент астаналықтарды өз үйлерінің маңындағы қарды тазалауға көмектесуге шақырады.

Ауа райы қолайсыздығына байланысты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 32 рейс кешігіп жатыр.

Полицейлер мен құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазақстанның тоғыз өңірінде жолдар жабық.