Қоғам

Олимп енді ставка қабылдамайды – букмекер кеңсесінде не болып жатыр

2020 жылдың 22 қаңтарынан бастап Olimp.kz лицензиясының тоқтатылуына байланысты ставка қабылдамайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. "Олимп" букмекерлік кеңсесіндегі заң бұзушылықтар бойынша тергеу шаралары бір жылға созылуы мүмкін. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ахметжанов "Олимп" букмекерлік кеңсесіне қатысты тергеу жалғасып жатқанын айтты.

"Егер тергеу шараларының көлемі үлкен болса, онда ол қажет болған жағдайда бір жылға дейін ұзартылуы мүмкін", - деді бас прокурордың орынбасары мәжіліс кулуарында.

Журналистер одан басқа да букмекерлік кеңселер тексеріле ме деп сұрады.

"Егер біздің заңнаманы бұзғаны анықталса, "Олимп" болсын, не басқа компания болсын – бәрі заңды қатаң сақтауы тиіс. Егер заң бұзушылықтар болсағ барлығы жауапқа тартылады", - деді Ахметжанов.

"Олимп" кеңсесінде не болып жатыр

Былтыр желтоқсанның басында ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен қалалық прокуратура "Олимп" букмекерлік кеңсесінің әкімшілігіне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Олар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Компания Қазақстан заңнамасының нормаларын бұзып, интернет-ресурстар арқылы лицензияланбаған қызмет көрсеткен. Табыстан салық төленбегені белгілі болды.

"Олимп" сауда маркасымен жұмыс істейтін "Only bet" және "Alpha bet" ЖШС-ның лицензиясы алты айға тоқтатылды.

Кейінірек "Олимп" букмекерлік кеңсесі лицензияны жарты жылғы тоқтату жөніндегі сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

18 желтоқсанда Алматы прокуратурасы "Олимпті" мемлекетке 145 миллиард теңге төлеуге міндеттегені хабарланды. Мұндай шешім қалалық мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салықтық тексерісінің қорытындысы бойынша қабылданған.

22 қаңтарда "Олимп" букмекерлік кеңсесі енді ставка қабылдамайтыны белгілі болды. Кеңсенің лицензиясы тоқтатылған. Кеңсе сайты да уақытша жұмыс істемейді.