Әлем

Өзбекстан президенті ЕАЭО туралы: Біз ол одақтың мүшесі болмаймыз

Шавкат Мирзиёев Еуразиялық экономикалық одақтың бақылаушысы мен мүшесі дәрежесін шатастырмау қажеттігін жеткізді  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Kun.uz.

"Интеграция жайында пікір білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің азаматтарымыздың көбісі шет елдерде жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресейде. Біз осы мәселеге немқұрайлы қарай алмаймыз. Мына бір нәрсені есте сақтаңыздар. Ешкім ешқашан ешкімге тәуелсіздікті бермейді. Тәуелсіздік халық сенген президенттің қолында. Біз ол одақтың мүшесі болмаймыз", - деді Мирзиёев жаңадан сайланған өлий мәжілісі сенатының алғашқы отырысында.

Өзбекстан басшысы одақтың бақылаушысы мен мүшесі дәрежесін шатастырмау қажеттігін жеткізді.

"Біз қандай артықшылықтар мен кемшіліктердің бар екенін көреміз. Көрермен сияқты боламыз. Біз Санкт-Петербург қаласында Владимир Владимировичпен біраз мәселені талқыладық. Не істесек те, ұлттық мүддемізді ескеріп істейміз. Соған сенімді болыңыз", - деп атап көрсетті Мирзиёев.  

Оның айтуынша, Өзбекстанда 2 миллиард АҚШ долларына көкөніс пен жеміс-жидекті өңдеу шаралары басталды. Соның барлығын Еуропада қымбат бағамен сатуға болады. Бірақ тиісті стандарттарды жасау қажет.

Тағы оқыңыз: Досаев ЕАЭО-да ортақ валюта енгізуге қатысты мәселеге нүкте қойды

Айта кетейік, Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына қатысты әңгіме көптен бері айтылып жүр. Сенат өкілдері де биліктің осы мәселені үш жыл бойы зерделеп келе жатқанын мәлімдеген. Ал федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Фарит Мухаметшин 2020 жылда Өзбекстан ЕАЭО-ның бақылаушысы мәртебесін алуы мүмкін деп айтқан.