НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Бүгін "Астана Опера" театрында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды. Ресми шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Салтанатты шара барысында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бірінші болып сөз сөйледі.
"Ұлы Абай шығармашылығының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, халқымызды жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хәкім Абайдың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз", - деді Райымқұлова.
Министр Абайдың халықты еңбекке баулуға деген ынтасын ерекше атап өтіп, елдің дамуын тежейтін теріс әдеттерге қатысты сөзіне де тоқталды.
"Әсіресе, мақтан мен масылдық психологиядан арылып, адамды еңбек етуге үндеді. Ұлы ойшылдың ғибратты сөздері тәуелсіз Қазақстанның жаңа серпінмен дамуы үшін қажет. Сондықтан бұл мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор", - деп атап көрсетті Райымқұлова.
Осыдан кейін жүргізушілер музыкалық кештің басталатынын жариялады. Театр сахнасында ұлы Абайдың өлеңдері мен әндері орындалды. Қазақстанның танымал әртістері – Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы, Тамара Асар және тағы басқа әншілер өз өнерін паш етті.
Үш деректі фильм түсіріледі
Биыл мерейтой аясында қолға алынатын маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинағын шетелдің 10 тіліне аударып шығару. Соның ішінде француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс және итальян тілдері бар. Осылайша, әрбіреуі үш мың данамен әлемнің түкпір-түкпіріне таратылады. Оған ұлттық аударма бюросы жауапты.
Бұдан бөлек, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильм түсіріледі. Абай атындағы опера және балет театры Ресей, Түркия мен Қытайға гастрольдік сапармен барып, ұлы ақынның мұрасын насихаттайды. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Мүсірепов атындағы балалар театры елді аралайды.
"Әрине, Абай бабамыздың туған жерінде біраз шара ұйымдастырылады. Мәселен, жаз айында Абай ауданында театрландырылған қойылымдар, айтыс, дәстүрлі орындаушылардың концерттері, сирек кездесетін кітаптар, мұражай экспонаттары, қолданбалы және өнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық спорт, басқа да мерекелік шаралар болады", - деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Қазан айында осы ұйымның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғылыми-конференция, концерт, көрме, кинокөрсетілім және тағы басқа мерейтойлық шаралар ұйымдастырылады. Кембридж сияқты әлемнің жетекші университтері де меретойға атсалысады.
Ақындар айтысы көптеп ұйымдастырылады
Биыл Абайдың мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттауға басымдық беріледі. Осыған орай, музыкалық, поэзиялық және басқа да шығармашылық байқаулар өткізіледі.
Алматыда балалар мен жасөспірімдерге арналған "Абай әлемінде" республикалық қойылымдар фестивалі өтеді. Ал Абай атындағы мемлекеттік театрда "Абай-гала" музыкалық акциясы және "Абай әлемі" атты фестиваль ұйымдастырылады. Сосын "Дана мен даланы дәріптеген ақын" атты республикалық ақындар айтысы болады.
Мерейтой аясында ақындар айтысы көптеп ұйымдастырылады. Мәселен, 8 ақпанда мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында "Ұлы даланың ұлы ақыны" тақырыбында ақындар айтысы өтетін болады.
Абайдың 175 жылдығы: ақынның есімі қандай нысандарға беріледі?
Жас ұрпақтың арасында Абай атамыздың мұрасын дәріптеу, құндылығын арттыру мақсатында барлық білім беру мекемесінде Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен тақырыптық байқаулар өткізіледі. Республиканың барлық аймағында оқушылар үшін "Абай жеріне саяхат" атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарастырылған.
Ал жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық жəне əдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, əндерін орындау жəне шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар ұйымдастырылады.
Музей салынады
Биыл Семей жерінде біраз шара өтеді. Жоспар бойынша Абайға қатысы бар тарихи-мəдени нысандарда ғылыми-жаңғырту жұмыстары да жасалады.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жидебай-Бөрілі жерінде Абай бабамыздың тұрған үйі, Мұхтар Әуезовтың үйі, Семей қаласында орталық музей бар. Барлығында музеефикация жəне жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал Семей қаласындағы музейде құрылыс жұмыстары жасалып, осы ғимарат қазіргі заман талабына сай жасақталады.
Жидейбай жеріндегі Абай мен Шәкәрімнің кесенелеріне де жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұдан бөлек, абаттандыру шаралары атқарылады. Ал Құнанбайдың жатқан жерінде музей салу жоспарланып отыр.
Жалпы, Абайдың мерейтойына арналған жоспар 82 тармақты қамтиды. Соның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық және қоғамдық маңызы бар 500-ден астам шара бар. Олар - ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық жəне əдеби конкурстар мен баспасөз турлары. Жергілікті әкімдіктер де өз жоспарларын әзірледі.