Қоғам

Мейрамбек Бесбаев депутат Балиевамен қандай мәмілеге келгенін айтып берді

Мейрамбек Бесбаев мәжіліс депутаты Зағипа Балиева жұмысына кедергі келтіріп, қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеген еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Әнші Мейрамбек Бесбаев депутат Зағипа Балиевамен арадағы жағдайға байланысты келіссөздер жүргізіліп, ортақ шешімге келгендерін хабарлады.

Бұл туралы әнші Іnstagram желісіндегі парақшасында жазды.

"Кешелі бері Қазақстан орындаушылары одағы маңындағы өрбіген жағдайға байланысты келесіні хабарлаймын. Бүгін ұйымның бұрынғы басшылығымен кездесу өткіздім. Ортада қалыптасқан барлық мәселелер бойынша келіссөздер жүріп, ортақ шешімге келдік. Біріншіден, менің заңды түрде басшы ретінде әділет органдарында тіркелуіме бұрынғы басшылық ешқандай кедергі келтірмейтін болды. Екіншіден, одақтың басқа ұйымдар мен құрылымдардың алдындағы міндеттемелерін бұрынғы басшылық және біз екі жақтап шешетін болдық", - деп жазды Бесбаев.

Әншінің айтуынша,  өз тарапынан ұйымның болашақтағы барлық жұмысы таза, ашық жүргізіледі. Қол жеткізілген тағы бір келісім - кей шаруаларға қатысты бұрынғы басшылық нақты ақпарат беріп отыратын болды.

"Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын. Кеше орын алған мәселені ары қарау ушықтырмай, тез арада шешілуіне ықпал еткен Зағипа Яхияқызына алғыс айтамын! Мені қолдап, жылы сөзін аямай жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын", - деген әнші өз жазбасында.

Айта кетейік, Мейрамбек Бесбаев мәжіліс депутаты Зағипа Балиева жұмысына кедергі келтіріп, қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеген еді. Ол депутаттан әншілердің шаруасына араласпауды талап етті. Ал Балиева өзінің еш қатысы жоқ екенін айтып, әншінің қоңырауын күтіп отырғанын хабарлаған болатын.

Мейрамбек Бесбаев 15 қаңтарда Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды.