НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақорда" резиденциясында жазушы-драматург Роза Мұқанова мен Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижановты қабылдады.
Роза Мұқанова мемлекет басшысына Қазақ ұлттық өнер университетінің жас мамандарды даярлау бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты. Әңгімелесу барысында отандық драматургия мен театр өнерін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Ақан Бижанов президентке Философия, саясаттану және дінтану институтының жұмысы туралы баяндап, Қазақстан ғылымының, идеологиясы мен мәдениетінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
Сонымен қатар кездесу кезінде Әл-Фарабидің 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын өткізуге дайындық мәселелері сөз болды.
Абайдың 175 жылдығы: ақын туралы телесериал түсіріледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды әлеуметтік-саяси жаңғырту, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру барысында Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының ғылыми және рухани мұраларын негізге алудың маңызды екенін атап өтті.