НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар — Sputnik. Елордада екі оқушы арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Суық қару да қолданылған екен.
Оқиға 16 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы оқу орындарының бірінің маңында болыпты.
"Төбелес болған. Жасөспірімдердің бірі бәкі алып шығып, сыныптасын жарақаттаған. Бұған қоса, абайсызда өз қолын кесіп алған", – деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті.
Тәртіп сақшыларын оқиға куәгері шақырған. Одан кейін оқушыларға медициналық көмек көрсетілген.
Құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-тармағы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тағы оқыңыз: 2019 жылы бүкіл елді дүрліктірген оқиғалар - видео
Оған сәйкес, кінәлі адамға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін (1 АЕК – 2651 теңге) айыппұл салу немесе түзеу жұмыстарына тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.