Мәдениет

Абай туралы фильм-операны ресейлік режиссер түсіре ме?

Шетелдік режиссерлер ұлттық кино түсіруге өз сценарийлерін ұсына алады екен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі "Абай" фильм-операсын ресейлік режиссер түсіреді" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін астанада өткен баспасөз мәслихатында вице-министр Нұрғиса Дәуешов ресейлік режиссер Егор Кончаловскийге қатысты ақпаратты естігенін жеткізді. Алайда онымен келісімшарттың рәсімделмегенін мәлімдеді. 

"Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ол режиссермен ешқандай келісімшарт, болмаса, келіссөздер жүргізілген жоқ. Бұл – жалған ақпарат", - деді Нұрғиса Дәуешов.

Алайда министр орынбасары шетелдік режиссерлер ұлттық кино түсіруге өз сценарийлерін бере алатынын ашық айтты.

"Негізі, шығармашылық адам ретінде Кончаловский және басқа да шетелдік ұжымдар біздің ұлттық киноны қолдау орталығына өз сценарийлерін беруге құқылы. Оны сол жердегі сараптама кеңесі таңдайды. Қазір басқа көркемдік фильмдер бойынша ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Бірақ Абайдың философиясын, Абайдың данышпандылығын ашу үшін бұл фильм бір жылда түсіріледі деген мәселе емес. Оған асықпай, үлкен ыждаһаттылықпен, үлкен талғаммен келуіміз керек. Осындай мақсат қойып отырмыз", - деп атап көрсетті Дәуешов.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қанша Абай Құнанбайұлы бар – статистика белгілі болды

Айта кетейік, жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын туралы телесериал мен бірнеше деректі фильмнің түсірілетінін жазды. Осыған қатысты пікір білдірген режиссерлер ондай жобаны шетелдік режиссерлерге беруге болмайтынын жеткізді.

"Мысалы, мен кеше ғана "Қазақфильм" киностудиясына барып, ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің "Абай" операсын теленұсқаға түсіретінін естідім. Егор қазақтың мәдениеті тұрмақ тілін де білмейді ғой. Ол спекталді қалай түсіреді? Енді бұны кімнің шешіп жатқанын түсінбеймін. Сонда Абайды түсіретін адам қалмаған ба?", - деді Теменов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.