Оқиға

Кәсіпкерді отбасымен қырып салды: БҚО-дағы қылмыстың мән-жайы белгілі болды

Күдіктілерге үйдің есігін кәсіпкер өзі ашқан, олар оның ұлымен төбелесіп жатқан кезде анасы сатушыға қоңырау шалып үлгеріпті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар — Sputnik. Батыс Қазақстанда кәсіпкер мен оның отбасының өліміне қатысты жаңа деректер шықты.

"Уральская неделя" басылымының хабарлауынша, 67 жастағы кәсіпкер Александр Запрометов күдіктілерге есікті өзі ашқан.

"Оның жүрек тұсына пышақ сұққан. Мұны көрген ұлы Запрометов оған көмектесуге асыққан болуы керек. Күдікті немесе күдіктілер оған тап береді. Оған бірнеше пышақ жарақатын салған. Алдын ала мәліметке сәйкес, қаскөйлер Запрометовтың ұлымен төбелесіп жатқан кезде анасы дүкен сатушысына хабарласады (Отбасының ауылда азық-түлік сататын дүкені болған – автор). Әйел сатушыға "Бізді пышақтап жатыр" деп айтып үлгеріпті. Осыдан кейін байланыс үзілген", - деп әңгімеледі Петр Георгиевич есімді жергілікті тұрғын.

БҚО полиция департаментінің хабарлауынша, бұл фактіге қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Сүйенбаев бұл қылмыстық іс бойынша әзірге күдіктілер жоқ екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Бүтін бір отбасын атып, өртеп жіберді: Алматыдағы қылмыстың мән-жайы

Айта кетейік, БҚО-да кәсіпкер Александр Запрометовты отбасымен бірге өлтіріп кетті. Қайғылы оқиға 14 қаңтар кешке Бәйтерек ауданындағы Янайкино ауылында болған.

Белгісіз біреулер кәсіпкердің үйіне шабуыл жасап, 67 жастағы Александр Запрометов, оның 65 жастағы әйелі және 42 жастағы ұлын өлтірген. Үшеуін өлтіргеннен кейін қаскөйлер үйді өртеп, қашып кетеді. Қазір полицейлер қылмыстың мән-жайын анықтап жатыр.