Әлем

Ресейдің халық әртісіне біреулер оқ атты

Күдікті оқиға орнынан ізін суытқан. Алайда әртіс полицияға шағым түсірмеуді жөн санаған екен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар — Sputnik. Ресейдің халық әртісі, танымал әнші Александр Серовқа белгісіз біреулер оқ атты. Бұл туралы ол StarHit басылымына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

Оқыс оқиға 2019 жылдың аяғында Мәскеудегі дәмханалардың бірінде болыпты. Отырыстың соңы төбелеске ұласып, ер адам оның аяғына травматикалық тапаншадан оқ атқан.

"Мәселені еркекше сөйлесіп, шешу үшін далаға шықтық. Алайда сөйлесе алған жоқпыз. Далаға шыққандардың бірінде тапанша болып, ол аяғыма оқ атып жіберді", - дейді Александр Серов.

Ресей халық әртісінің айтуынша, күдікті оқиға орнынан ізін суытып үлгерген. Серов бұл оқиға бойынша полицияға арызданбапты.

Дәрігерлер оның аяғынан оқты алған. Қазір әншінің денсаулығы бірқалыпты.

"Шынымды айтсам, қазір аяғымды ақсап басып жүрмін. Жарақатым жазылып келе жатқан сияқты", - деп әңгімеледі Ресей халық әртісі.

Сондай-ақ, ол қазір дәрігерлердің бақылауында екенін атап өтті.